Қоңыр күз кімге қалай әсер етеді? Кей адамдар күйзеліске түсіп, сары түске бояла бастаған жапырақтармен сырласа бастаса, кейбірі белгісіз сағыныштың тұңғиығына батып кетеді. Одан ада болу үшін не істеуге болады?
Таза ауада серуендеу
Бау-бақша, саябақ, көшеде жаяу жүріңіз. Тау етегіне барып, таза ауамен тыныстаңыз. Сарғайған жапырақтарды жинастырып, бөлмеңізді безендіріңіз. Сонымен қатар, жапырақтармен экибана, аппликация жасап көріңіз.
Кино қарау
Ауа-райы салқындап, жауын-шашынды күндері жылы көрпеге оранып, ыстық какаодан дәм татып, кино тамашалаңыз. Әсіресе, мелодрама жанрында түсірілген фильмдерді қарауға кеңес береміз.
Кітап оқу
Кітап сөресіне назар аударыңыз. Сүйікті жазушыларыңыздың кітаптарына көз жүгіртіңіз. Бәлкім, сіз оқымаған кітаптар да бар шығар. Оларды да көріңіз. Кітаптарды үйде ғана емес, таза ауа аясында да оқуға болатынын естен шығармаңыз.
Суретке түсу
Бұл мезгілде айнала қызыл, сары, қоңыр түстерге боялады. Табиғаттың тамаша тартуын назардан тыс қалдырмай, қолыңызға фотоаппарат алып, суретке түсіріңіз. Жылы жаққа ұшып бара жатқан көктегі құстарды, қысқа азық жинаған тиіндерді, бұтақтан сарғайып түсіп бара жатқан жапырақтарды т.б. суретке тарта беріңіз. Дос-жарандар мен құрбы-құрдастарыңыздың жадыраған бейнесі естелік болсын десеңіз, оларды да суретке түсіріп алуды ұмытпаңыз.
Хат жазыңыз
Қолыңызға қалам мен қағаз алып, өзіңізге өзіңіз хат жазыңыз. Хатыңызға бар ойыңызды түсіріңіз. Өткен күндерді еске алып, өз-өзіңізге есеп беріңіз. Алға қойған жоспар-мақсаттарыңызды тізбектеп жазып шығыңыз. Аса маңызды дегендердің астын сызып, оларды міндетті түрде жүзеге асырамын деп серт беріңіз.
Шығармашылықпен айналысыңыз
Музыка тыңдап, театр қойылымдарын тамашалаңыз. Қолөнердің бірнеше түрімен айналысыңыз. Сурет салып, кесте тігіп, тоқыма тоқыңыз. Бар ойыңызды жинақтап, өлең-әңгіме немесе блог жазыңыз.
Әрине, күздің қоңыр күндерін әрқилы өткізуге болады. Әйткенмен, атқарылар істер сізді күздің көңілсіз күндерінен сақтауы тиіс. Ал ең бастысы, олар алдағы күндері кәдеңізге жарайтынын естен шығармаңыз.