Көңілді жүрудің 10 құпиясы

Көңілді жүру – алдағы сәттіліктің жаршысы бола алады. Ол үшін болмасқа ренжіп, ауа-райына қобалжудың қажеті жоқ. Бастысы – өз көңіліңізді өзіңіз көтере біліңіз. Олай болса біз сіздерге көңілді жүрудің 10 құпиясы туралы айта кетпекпіз.

1. Үнемі көңілді жүру үшін өзіңізді бақылап үйреніңіз. Болмайтын нәрселерге ренжіп, жақындарыңызды ренжітпеңіз. Көңіліңізді қалдырған адамдарды кешіре біліңіз. Сол арқылы өзіңізге зиян әкелетін жек көрушілік, кек қайтару деген жаман ойлардан арыласыз.

2. Кез келген нәрсеге әзілмен қараңыз. Достарыңыздың арасында күлкі сыйлап жүріңіз. Көпшіліктің арасында ыңғайсыз жағдайға қалсаңыз да, жұрттың назарын әдемі күлкіңізбен, жымиысыңызбен жеңесіз. Күліп жүрсеңіз, қиындықтан да оңай құтыласыз. Іштей жақсылыққа сенсеңіз, солай болары сөзсіз.

3. Айналаңызда болып жатқандардан түңіліп, үйде отыра бермеңіз. Көшеде, достарыңыздың, таныстарыңыздың арасында көңіліңіз бөлініп, көңілсіздіктен құтыласыз.

4. Күйбең тіршілігіңізге жаңалық енгізіп отырыңыз, өзіңіз өзгеріңіз. Жаңа іспен айналысыңыз, бірнәрсе үйреніңіз немесе киім кию стиліңізді өзгертіңіз. Сізде болған өзгерістер үшін жақындарыңыз бен достарыңыз жақсы пікірлерін, комплименттерін білдірсе, сіздің қуанып қаларыңыз сөзсіз. Сіз жүрген ортаның өзіңізге ерекше назар аударуы көңіл-күйіңізге әсер етпей қоймайды.

5. Үнемі жақсы нәрселерді ойлап жүріңіз. Тіпті ауыр жұмыс үстінде де сүйіктіңізбен кездесуды, достарыңызбен көңіл көтеруді ойлаңыз. Қиялға берілуге хош иісті шырақтар (аромалампа),  әсіресе мандарин, апельсин, лимон, грейпфрут иістері жақсы көмектеседі.

6. Біруақыт жүзумен айналысыңыз. Су денені демалтады, денсаулыққа пайдалы, көңіл-күйге жақсы әсер береді.

7. Алдағы мақсатыңызды бағдарлаңыз. Бір сәтке алдағы күндеріңіздің қалай болатынын, атқарылуы тиіс жұмыстарды түгендеп, алдыңызға қойылған мақсаттарға ұмтылысыңыздың айқындығын анықтап алыңыз. Үй тазалағанда неден бастау керек екенін жақсы білетіндігіңіз сияқты, арманыңызға жақынжатар жолыңыз да сізге анық болады.

8. Өмірге жеңіл қараңыз. «Ондай менде болу қайда» деген ойдан арылыңыз. Кішкентай жетістіктеріңізге қуана біліңіз. Солардың өзі үлкен бақыттың бастауы болуы мүмкін. Өмірде бәрі оңай, тек шыдам керек.

9. Үнемі қозғалыста болыңыз. Бүгін мұңайсаңыз, ертең қуанасыз. Бір күннің қайталанбауы да, қайталануы да өзіңізге байланысты. Сондықтан мұңайып, жатып алмаңыз.

10. Көңіліңізді түсірген жағдайларды тез ұмытыңыз. Көңіл-күйіңіз жоқ па, көңілді музыка тыңдаңыз, үй жинаңыз, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз не көңілді кино көріңіз.

Есіңізде болсын: өзіңіздің көңіл-күйіңізге өзіңіз ғана жауаптысыз!

Дереккөз: aikarakoz.kz