Көңіл күйіңіздің түсуіне әсер ететін өнімдер

Көңіл күйіңіздің түсуіне әсер ететін өнімдер
Фото: unsplash.com

Тағам адамның негізгі қажеттілігін қанағаттандыру арқылы көңіл күйді көтереді. Дегенмен, кей өнімдер тонусты уақытша ғана көтереді. Олар дофамин, серотонин және эндорфиндер түзілуіне кедергі болып, адамды депрессияға ұшыратады. Ал кейбір азық-түлік дұрыс қорытылмай, қабыну процестерін ынталандырады. Соның нәтижесінде, көңіл күй нашарлай түседі. Ендеше, қандай өнімдер эмоциялық жағдайға қауіпті?

Алкоголь
Алкогольді сусындар адамды босаңсытады. Бір қарағанда, алкоголь жақсы көңіл күй сыйлайтын секілді көрінеді. Алайда, алкоголь ішу жинақтаушы әсерге ие: ми жасушалары бұзылады, тәуелділік туындайды, сау кездің өзінде анық ойлау қабілеті төмендейді, ашуланшақтық пен ұйқысыздық пайда болады.

Қызыл ет
Қызыл ет пен оның негізіндегі өнімдер қиын қорытылады. Мұндай тағамдар асқазанға ауырлық сезімін беретіндіктен мазасыздана бересіз. Ал ағза болса, оны қорытуға көп күш салады, сол үшін өзіңізді ұйқылы және шаршаңқы сезінесіз.

Нитратты жемістер мен көкөністер
Нитратты жемістер мен көкөністерді рационымызға қосу арқылы өзімізді алдаймыз. Өз ауламызда өспеген және маусымдық емес жемістер мен көкөністер ағзамызға қауіп төндіруі мүмкін. Олардың қандай өңдеуден өткені және қалай сақталғаны, қандай консерванттар мен нитраттармен өңделгені белгісіз. Олар жүйке және гормонды жүйеге күш түсіреді. Сондықтан да маусымдық жемістер мен көкөністерді таңдау маңызды.

Консервіленген өнімдер
Ұзақ сақтап, қолдануға болатын өнімдер денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Консервіленген өнімдер дәмді болғанымен, оларды жиі жеу көңіл күйдің түсуіне ықпал етеді.

Пісірмелер
Қант қандағы инсулинді бірден арттырады. Сондықтан мұндай тағамдар бізді уақытша бақытты әрі риза етеді. Алайда аз уақыттан соң ағзада жылдам көмірсулардың ыдырау процесі болады, энергия азайып, көңіл күй түсіп кетеді. Пісірмелер мен кондитерлік өнімдер жеген соң шаршап, сәл ұйықтап алғыңыз келіп тұрады.

Тәтті газдалған сусындар мен тіскебасарлар
Тәтті газдалған сусындар шынымен де шөлді қандырып, көңіл күйді көтергендей болады. Өндірушілер олардың дәмі біздің көңілімізден шығу үшін барынша тырысқан. Алайда қанттың көп мөлшері мен қандағы инсулиннің бірден өзгеруі себебінен көңіл күй нашарлайды, сол үшін оны тағы ішкіңіз келіп тұрады. Тәтті жаңғақтар, қытырлақтар және т.б дүкенде сатылатын жылдам тіскебасарлар да тәуелділік тудырады. Мұндай тіскебасарлардың химиялық құрамы қауіпті аурулардың пайда болу қаупін арттырады.

А. Жапатова