Көңіл-күйіңіз болмаса, жұмысқа да зауқыңыз соқпайтыны анық. Ондай сәтте санаңызды сансыз сұрақтар шырмап, маза бермейтіні тағы бар. Ол үшін алдымен көңіл-күйді қалпына келтіру керек.
1. Далаға шығып кемінде 10 минут серуендеп келіңіз. Таза ауада кең тыныстап, дене сергітсеңіз, құрыс-тырысыңыз жазылып, өзіңізді өте жақсы сезінесіз. Бар ашуыңыз қалай тарқағанын байқамай да қаласыз. Табиғат көрінісі болсын, не қарбаласқан тіршілік болсын, құстар әні болсын, айналадағы барлық қоршаған әлем сіздің көңіл-күйіңізге әсер етпей қоймайды.
2. Жаныңызға жақын әуен тыңдаңыз. Сол арқылы көңілдегі кірбіңді сейілтесіз. Қосыла шырқасаңыз тіптен керемет.
3. Құлазуға жол бермеңіз. Кейде адам жаны жалғыз қалуды қалап, көңіл-күйі болмайтын сәттер кездеседі. Десе де маңызды істі бастағалы тұрғанда немесе жұмыс үстінде құлазуға жол бермеңіз. Мұндай көңілсіздік ісіңізге кедергі келтіреді.
4. Өткен күнді ойлауды доғарыңыз. Көңіл-күйіңіз болмай тұрса, өткенді еске түсірмегеніңіз абзал. Болашақты ойлап, ойыңызды алға оздырыңыз. Жоспарларыңызды пысықтаңыз.
5. Достарыңызға қоңырау шалыңыз. Көңіл-күйіңіз болмай тұрса, жаныңызға жақын адамдарға қоңырау шалыңыз. Хал-жағдайын сұраңыз. Тіпті, көптен бері хабарласпаған танысыңызбен сөйлессеңіз де көңіліңіз бір марқайып қалады.
Әрқашан көңілді жүріңіздер, құрметті оқырмандар!