Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 шілдесінде банктердің айналымдағы карталарының саны 26,4 млн-ға жеткен. Ал маусым айында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдаланып жасалған транзакциялардың көлемі 2 502,3 млрд. теңге болған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, биылғы транзакциялар 51,7%-ке артқан. Бұл Қазақстанда қолма-қол төлемдердің үлесі азайып келе жатқанын білдіреді. Назарыңызға қолма-қол ақшадан бас тартып, банк картасына көшудің 7 себебін ұсынамыз.
1. Картамен шығындарды қадағалап отыру оңайырақ
Қаржыны дұрыс басқару үшін шығындар есебін уақытылы жүргізіп отыру маңызды. Қолма-қол төлем жасағанда шығынды бірден смартфон блокнотына жазуға немесе чектерді жинап, кейін есептеп шығуға тура келеді.
Ал картамен төлем жасайтындар барлық шығынын мобильді қосымшада жинақталған тізімнен әп-сәтте көре алады.
2. Сатушыға желінбейсіз
Картаны терминалға апарғанда, одан тек касса аппараты көрсеткен сома алынады. Мұндайда қолма-қол төлем жасағандағы адами фактор болмайды.
3. Картадағы ақшаны құтқару оңайырақ
Егер ұры қалтадан әмиянды қағып кетсе, ақшамен қоштаса беруге болады. Бірақ жоғалған банк картасын банкке қоңырау шалып немесе мобильді қосымша арқылы бұғаттап тастауға болады. Осылайша шоттағы ақшаны құтқара аламыз.
4. Карта тазарақ
Dirty Money зерттеуіне сүйенсек, монеталардың 13%-де, қағаз ақшалардың 42%-де потенциалды патогендер (жұқпалы аурулардың қоздырғышы – патоген микробтар) бар.
Ақшаға бактериялардың таралуы оның материалы мен елдегі тұрмыс деңгейіне байланысты. Бірақ мінсіз таза ақша еш жерде болмайды.
Картаны сізден басқа ешкім ұстамайды және оған керек кезде дезинфекция жасап тұруға болады.
5. Карта уақыт үнемдейді
Депозитке ақша салу үшін немесе коммуналдық төлем жасау үшін банкоматтан ақша шешіп, одан кейін кезекте тұрып уақыт құртудың қажеті жоқ. Қазір барлық дерлік төлемді картамен, мобильді қосымшамен және керек мекеменің сайты арқылы жасауға болады.
Сондай-ақ, дүкен мен супермаркет кассасында көпшілігі картамен төлесе, кезек тез жылжитынын да ойлап көріңіз.
6. Карта жалған банкноталардан сақтайды
Жалған банкнотадан сақтанудың жолдары – әр ақшаны тексеріп отыру және карта арқылы төлем жасау. Екіншісінің қаншалықты тиімді екенін жоққа шығара алмаймыз.
7. Картаға кешбэк пен бонустар түсіп отырады
Картамен төлеген жағдайда, банк немесе төлем жүйесі бонус береді. Қазақстандағы танымал банктердің мысалын келтірсек, депозитте жиналған қаржыңыздың көлеміне қарай төлемге берілетін бонус көп болмақ. Одан бөлек, кепілсіз 1%-тік бонустарды көп банктен кездестіруге болады.