Жаһандану және жаппай өндіріс кезеңінде қолдан жасалған бірегей бұйымдар ерекше бағаланады. Сондай бұйымдардың ішінде былғарыдан жасалған түрлі заттар танымалдыққа ие. Ендеше, былғары өнімдерінің және қолдан жасалған аксессуарлардың негізгі артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырайық.
Қолдан жасалған бұйымдар туралы айтылған кезде, көз алдымызға жаппай шығарылған өнімге қарағанда, бірден сапасы жоғары және эксклюзивті өнім елестейді. Оларды жасағанда тапсырыс берушінің қалауын нақты орындап, әрбір адамның жеке көзқарасын ескеріп, өндірудің барлық (былғарыны таңдаудан бастап құрылымын жинап, қаптауға дейінгі) кезеңіне қатаң бақылау жүргізіледі. Соның нәтижесінде шебердің қолынан "жан-дүниесімен жасаған", иесіне біраз жыл қызмет ететін бұйымдар шығады.
Қолдан жасалған былғары бұйымдар неліктен қымбат?
Қолдан жасалған былғары бұйымдарды сатып алуға кедергі болатын басты кемшілігі –бағасы жаппай шығарылатын өнімге қарағанда қымбат тұруы. Оның себебі материал бағасы, өндірістік еңбек шығыны және бұйым таралымы (тираж) аз болуы. Жақсы шебер бұйымға сапасы жағынан орташа материал қолданбайды және ақауы бар өнімді сатылымға шығармайды. Себебі ол қасықтап жинаған абыройын шелектеп төккісі келмейді.
Қолдан жасалған бұйымдар қымбат болуының тағы бір себебі – бұйымдардың аз тиражды болуында. Жоғары дәрежелі шеберлер көп тиражды бұйым шығармайды. Біріншіден, әлсіз механикалық еңбек пен таза қолдың жұмысы болғандықтан, техникалық жағынан қиын. Екіншіден, көп тиражды шығаруда олардың сапасын бақылау қиынға соғады. Сондықтан да кей шеберлерге тапсырыс беру үшін бірнеше ай бұрын кезекке тұру керек.
Қолдан жасалған былғары бұйымдары тиімді ме?
Мысалы белбеуді қарастыратын болсақ, қолдан жасалған сапалы белбеу қалыңдығы 3-4 мм болатын тұтас былғарыдан дайындалады. Белбеудің негізгі бөлігін терінің оңайлықпен созылмайтын қалың жерінен (жануардың арқасы) жасайды. Сондықтан мұндай белбеулер біраз жыл бастпақы қалпын жоғалтпайды. "Толассыз бояу" әдісімен жасалатындықтан, материалдың сапалы әрі ұзаққа сақталатынына кепілдік беріледі. Фурнитурасы құюлы жезден жасалады. Соның нәтижесінде ұсақ темірлері тез түсіп қалмайды.