Қыстың соңында көпшілік, бір жағынан, суық күндердің артта қалғанын ойлап, жеңілдік сезінсе, екінші жағынан, құлазиды. Бітпейтін пандемия, күйзеліс, тұмау және ұзақ қыс шаршатады: өзіңізге, жұмысқа, жетістіктерге, спортқа және хоббиге күш қалмайды. Көктемді сергек қарсы алу үшін және ағзаның қорғаныш күштерін қатайту үшін қандай дәрумендер ішу керегін ұсынамыз.
D дәрумені
Біздің көңіл-күйімізге және эмоциялық жағдайымызға көптеген факторлар әсер етеді. Мысалы, қыста ағзаға D дәруменінің жетіспеуі. Бұл дәрумен тек иммунитетке емес, эмоциялық жағдайға да жауап береді. Жиі тұмаурату, үнемі шаршаңқылық сезімі және тіпті, депрессия сезімдері ағаза осы «күн» дәруменінің жетіспеуін білдіруі мүмкін. Сондықтан D дәруменіне анализ тапсыру және оның жетіспеуін болдырмауға шаралар қолдану — эмоциялық және физикалық жайлылыққа жетудің бір қадамы.
Кей адамдар ағзада D дәрумені өздігінен түзілуі үшін түскі үзілісте далаға күннің астына 15 минутқа шыққан жеткілікті деп санайды. Бірақ оны күннен алу үшін далаға бұлтсыз күні аптасына 3 рет сағат 11:00-16:00 арасында шығу керек және дененің 25%-ы (тері ерте қартаймас үшін бет емес, қол мен аяқ ашық болғаны жөн) ашық болуы тиіс. Бізде көктем әлі де салқын болатындықтан, барлық адам бірдей мұндай процедураны қабылдай алмайды. Оның орнына D дәруменін тамақтан немесе дәрумендік препараттан алыңыз.
Бұл дәруменді қабылдау кезінде нені ескеру керек? Оны таңертең ішкен жөн. Себебі ол мелатонин өңделуін азайтады. Сондықтан кешке ішсеңіз, ол ұйқыны бұзуы мүмкін.
D дәрумені кальцийдің жақсы сіңуі үшін қажет. Себебі кальций D дәрумені, магний және К2 дәрумені болмаса, қан тамырларда түйіншектер немесе бүйректерде ақтастар болып тұрып қалып, сүйектерге дейін жетпеуі мүмкін. Сондықтан бұл дәрумендер мен минералдарды бөлек ішкеннен гөрі бірге қабылдаған жақсы.
D дәруменінің тәуліктік дозасы — 400 МЕ. Өз бетіңізше бұл мөлшерден артық қабылдау жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін.
С дәрумені
Көктемде белсенділік пен көңіл күйдің түсуінің және жиі тұмаумен ауырудың кең тараған себебі — ағзаға дәрумендер мен минералдардың жетіспеуі. Ал маусымдық жемістер мен көкөністерді әлі күту керек болады.
Сондай-ақ, дәрумендердің жетіспеуін ұшықтың жиі шыға бастағанынан, шаш пен тырнақ жағдайының нашарлауынан және жаралардың ұзақ жазылуынан байқауға болады. Ал психикада дәрумендердің жетіспеуі ашуланшақтық, әлсіздік, ұйқышылдық және жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуінен көрінеді.
Ағзаның иммунды қорғанышын қатайту және сергек сыртқы келбетті қайтару үшін иммунокүшейткіш дәрумендер мен микроэлементтерге мән беріңіз. Оларға С дәрумені мен мырыш жатады. Мырыш ағзаны вирустардан қорғайтын лейкоциттер түзеді және иммунды жүйеге антиденелер босатып шығаруға көмектеседі.
С дәрумені — күшті антиоксидант және иммунокүшейткіш. Ол сондай-ақ денеге қуаттылық, жастық және сұлулық сыйлайды.
В тобының дәрумендері
Әйелдердің энергиясы мен сұлулығын алатын тағы бір фактор — күйзеліс. Әсіресе, созылмалы күйзеліс қауіпті. Пандемия кезінде көпшілік қандай да бір деңгейде күйзелістің салдарларын сезінген болар. Күйзеліспен күресуге В тобының дәрумендері, әсіресе, В6 дәрумені мен магний көмектеседі. Әрине, тек дәрумендер ішумен бұл жағдайдан арылу мүмкін емес. Оған таза ауада серуендеу, жеткілікті мөлшерде ұйықтау, дұрыс тамақтану, белсенді демалыс ұйымдастыру және медитация жасауды қосқан жөн.
Ескерту: кез келген дәрумендер мен микроэлементтерді дәрігердің кеңесін алып, анализдер тапсырған соң ішкен дұрыс.