- Негізгі бет
- Жаднама
- Көк көзділер жайлы...
Көк көзділер жайлы қызық фактілер
Адамдар арасында көк көз қоңырға қарағанда сирек кездеседі. Бұл көк түсті линзалардың кең тарауының бір себебі десек болады. Себебі көзім көк болса дейтін адам аз емес. Ендеше көк көз жайлы сіз естімеген бірнеше факт ұсынамыз.
Көк көзде көк пигмент жоқ
Көпшілік адамның әр нұрлы қабығында меланин пигменті бар. Меланин – тері, көз және шаш түсіне жауап беретін қоңыр пигмент. Көздің түсі нұрлы қабықта қанша меланин пигменті барына байланысты. Сол пигмент көп болған сайын көз қоңыр, ал аз болған сайын көкшіл немесе жасыл болып көрінеді. Офтальмологтардың айтуынша, көз аспан секілді жарықтың құбылуынан көк болып көрінеді. Ол Тиндал эффектісі деп аталады.
Көк түс әлемдегі ең сирек кездесетін көз түсі емес
Әлемдегі ең кең тараған көз түсі – қоңыр. Жердегі адамдардың шамамен 79%-ының көзі қоңыр түсті. Тек 7-8% ғана көк көзді.
Мұндай фенотип кей мемлекеттерде басқаларына қарағанда жиірек кездеседі. Мысалы, көк көзді тұрғындар жиі кездесетін ТОП-5 елді Эстония мен Финляндия бастаса, бұл тізімді Ирландия, Шотландия және Англия толықтырады.
Көк қоңырға қарағанда сирек кездескенмен, әлемде одан да аз кездесетін ерекше көз түстері бар. Мысалы, ашық сары (янтарный) көз түсі әлем тұрғындарының 5% ғана кездеседі. Алайда оны көбіне қоңыр түспен шатастырады. Жасыл көз әлемнің 2% тұрғынында ғана бар. Әлемдегі ең ерекше көз түстеріне сұр, қызыл және күлгін жатады.
Кей балалардың көк көзі өсе келе қоңыр болып кетеді
Баланың көзі ашық көк түстен жасыл немесе қоңырға айналуы өте жиі кездесетін жағдай. Сондықтан бала көзінің түсі қандай болатынын кем дегенде алты айға толғанша айту мүмкін емес. Себебі бала туған кезде оның көзінің нұрлы қабығына меланин толықтай «жинала» қоймайды, нәтижесінде оның нұрлы қабығы көк болып қалады. Бірақ қандай да бір уақыттан соң меланин мөлшері көбейіп, оның көзінің түсі өзгереді немесе ол көбеймей, көзі аспан реңкіндей болып қалады.
Қоңыр көзді ата-анадан көк көзді бала тууы мүмкін
Қоңыр көзді ата-анадан көк көзді, ал көк көзді ата-анадан қоңыр көзді бала тууы әбден мүмкін. Себебі көз түсі әртүрлі бірнеше гендердің және олардың өзара әрекеттесуі арқылы анықталады. Тіпті, мұны лотореяға ұқсайды десек те болады.
Көк көз басқаларға қарағанда жарыққа сезімтал келеді
Нұрлы қабықтағы меланин көздің артқы бөлігін ультракүлгін сәулесінен болатын зақымдардан қорғайды. Көк көзде меланин аз болатындықтан олар жарыққа сезімтал келеді. Сондықтан мамандар көк көзді адамға күннен қорғайтын сапалы көзілдірік киіп жүруді ұсынады.
Көзі көк ер адамдар көк көзді әйелдерді ұнатады
Behavioral Ecology and Sociobiology журналына шыққан зерттеуде көзі көк ер адамдар басқаларға қарағанда көк көзді әйелдерді тартымды санайтыны анықталған. Ал қоңыр көзді адамдардың көпшілігі үшін серігінің көз түсі маңызды емес болып шыққан.
А. Жапатова