Біз өмір сүретін ортада әр түрлі адамдар бар. Олар шыққан тегіне, алған тәрбиесіне, көрген тәліміне қарай сан қырлы қалыптасады. Әр үйде әр түрлі тәртіп сақталатындықтан, өмірге деген көзқарас сан қилы қалыптасатындықтан біреудің кей әрекеттері өзгелерге ұнамай, айналасына жек көрінішті болады.
Темекі шегетін адамдар өз денсаулығымен қатар, өзгелердің де өміріне зиян тигізеді. Шылымын шегіп келгеннен кейінгі сіңіп қалған жағымсыз иісін есептемегенде, адамдар ортасында отырып та көк түтінін будақтата беретіндер көп. Бұл көрініске автобуста күн сайын куә болып жүрміз. Қоғамдық көліктегі адамдардың аллергиясы бар ма, жиіркене ме, онда шаруасы жоқ. Өз қажеттілігін қанағаттандырса болды. Әскери адамдардың қағидасы бойынша темекі шеккісі келсе, ешкімге әсер етпейтін жерде ғана рұқсат. Неге солардан үлгі алмасқа? Ең жақсысы, өзіңізді жеңіп, сол нәрседен алшақтаңыз.
Қоқыс қалдығын жүрген жеріне тастап кете беретіндер қоғамға қанша зиян келтіріп жатқаны ойына кіріп шықпайды. Олардың бар ойы – басқалар да тастап жүр. Тамшыдай игі істен көлдей жақсылық құралады. Жер-Анаға жанашырлық танытып, әрқайсысымыз өзімізге жауап беріп, қалдықтарды арнайы орындарға, қоқыс жәшіктеріне не уақытша сөмкемізге сала тұрсақ, қоқыс қаласында өмір сүрмес едік. Айналамыз да тап-таза, сырттан келген сыншы қонақтарға да, өзіімзге де жағымды жай сыйлар едік.
Абыройлы болғыңыз келе ме? Сізге мұқтаж жандарға қол ұшын созыңыз. Үлкендерге жол беріңіз, ауыр жүгін көтерісіңіз. Ал кішілерге әлімжеттік көрсетіп, жоқ абыройды жерден қазып, күштеп сыйлатқыңыз келетін болса, ешкімге де қадіріңіз болмайды.
Көшеде, аулаларда көпшілік жиналып отыратын арнайы орындар бар. Алайда бұл қатты дауыстап күліп, даурыға сөйлеп, саяси мәселелерді талқылауға арналған жер емес. Мүмкін, біреудің баласы ұйықтап жатқан болар, қарт анасы ауырып жатқан шығар... Олар мұндай әрекетке ашулы кейіппен міндетті түрде дауыс көтереді. Соңы жанжалға ұласпасын десеңіз, өзіңізді әрекетіңізге жауап бере алатындай ұстаңыз. Ешкімге пайдаңыз тимесе де, зиян келтірмеуді ойлаңыз. Жаныңыздағы адамдарға елігіп, есіңіз шығып кетпей, қоғамдық орында отырғаныңызды есте ұстаңыз.