- Негізгі бет
- Жаднама
- Киімге жидек тисе...
Киімге жидек тисе
Тәбет ашатын, шырынды жидектер адамға жазғы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ағзасын түрлі дәрумендермен байытады. Бірақ киімге тисе, кетіру жолы қиындау. Әсіресе, жазда жидек тергенде, жеп отырғанда байқаусызда киімге тиіп кетсе, не істеуге болады?
Ыстық су. Егер шие, таңқурай, мүкжидек, құлпынай, қарақат секілді қызыл түсті жидектер киіміңізде жаңа ғана дақ қалдырса, мұны ыстық сумен кетіруге болады. Ол үшін бір шәйнек суды қайнатып, ыстық суды дақ тиген жерге құю керек.
Ашыған сүт. Ашыған сүт немесе айранды киімнің дақ тиген жеріне тамызыңыз да, 2-3 сағатқа қойып қойыңыз. Дақ кеткен соң, киімді жуып алыңыз.
Лимон қышқылы. Байқаған боларсыздар, дақ қышқыл заттың көмегімен тез кетеді. Егер тоңазытқышта ашыған айран не сүт болмаса, лимон қышқылының көмегіне жүгінсеңіз болады. Киімнен дақты кетіру үшін лимон қышқылын жылы сумен ерітіп алып, дақ тиген жерді ерітіндімен ысқылаңыз да, 20 минутқа қойып қойыңыз. Егер нәтиже бермесе, тағы жасауға болады. Кейін киімді жуып алыңыз.
Сірке суы. Киімдегі жеміс дағын кетіру үшін сірке суы мен лимон қышқылын 1:1 қатынаспен араластырып алу керек. Ерітіндіге мәрліні батырып, киімдегі дақты сүртіңіз. Дақ тез кететін болады.
Тұз. Дақты тұздың көмегімен кетіру үшін тұзды сумен ерітеді. Қоймалжың затқа айналғанға дейін араластырып, дақты сүртіңіз. Кейін киімді сабындап жуып алыңыз.
Глицирин. Егер киіміңіз түрлі түсті болса, мына әдісті қолданып көріңіз. 40 грамм глициринді жұмыртқаның сарыуызымен араалстырыңыз да, дақтың үстіне жағып 2 сағатқа қойып қойыңыз. 2 сағаттан кейін киімді жуыңыз.
Артық болмас...
1. Аталған әдістерді қолданбас бұрын дайындалған тұнбаларға тәжірибе жасап көріңіз. Бір шүберекке жеміс дағын тигізіп, аталған әдістердің біреуін қолданыңыз.
2. Егер жеміс-жидек киіміңізге дақ қалдырса, сабынмен кетіремін деп әуре болмаңыз. Есіңізде болсын, сабын дақты киімде қатырып тастайды.