Интернет-қолданушылардан менде ұрлайтындай ештеңе жоқ деген сөзді жиі естуге болады. Алайда, әр жеке гаджетте жеткілікті түрде ақпарат бар. Киберзұлымдарға қалай алданып қалмау керек? Адамдар 24 сағат онлайн болуға үйреніп қалды. Кез келген жерде, кез келген жағдайда ақпаратқа қолжетімді болуға, төлеуге, желіден бірдеңе сатып алуға және жұмыс мәселелерін шешуге әдеттеніп барамыз. Сондықтан да барлығы өз ноутбуктары мен смартфондарын көзі бірінші түскен ашық Wi-Fi желісіне қоса салады. Барлық Wi-Fi бірдей қауіпсіз емес. Қолданушылар жиі тегін ашық Wi-Fi желілерін таңдайды, ал олардағы ақпарат беру каналы әдетте нашар қорғалған немесе тіптен, қорғалмаған. Яғни, сол желі арқылы қолданушы жіберген ақпаратты зиянкестер оңай ұстап алады. Мысалы, кафедегі пароль қойылмаған Wi-Fi арқылы біреуге электронды поштаңыздың адресін жібересіз немесе достарыңызбен қандай да бір суретпен бөлісесіз. Әлеуметтік желідегі парақшаңызға пароль теріп, кіресіз. Сонымен қатар, ең жаманы мобильді банкингтегі шотыңызды тексеру мақсатында кодты тересіз. Қорғалмаған немесе әлсіз қорғалған Wi-Fi желісінен осының барлығына оңай қол жеткізуге болады. Кейде зиянкестер ұқсас ашық Wi-Fi жасап қояды. Wi-Fi желісіне кірерде атауына мұқият қараңыз. Мысалы: Coffee_Free жәнеCofffee_Free. Бір қарағанда байқамай қалуыңыз мүмкін. Wi-Fi арқылы ақпараттың шығып кету қаупі саяхат кезінде жоғарылайды. Адамдар шекарадан тыс жерлерде жиі киберзұлымдардың құрбаны болып жатады. Оның себебі шетелде жүрген адам тезірек байланысқа шығу үшін қолға бірінші түскен Wi-Fi желісіне қосылуға асығады. Біреулер тезірек туыстарымен байланысқа шыққысы келсе, басқаларына жұмыс сұрақтарын шешу керек болады. Бірақ, Wi-Fi жаппай қауіп-қатердің көзі деген сөз емес. Бастысы, көпшілікке ортақ Wi-Fi желісінде отырған кезде мобильді банкингтерге кірудің немесе пошта арқылы құпия құжаттарды жіберудің қажеті жоқ. Алаңғасарлық, сенгіштік, бағдарламалық жасақтаманы беймезгіл жаңарту, веб-баннерді басу, жеңіл пароль мұның барлығы зиянкестерге және олардың зиянды бағдарламаларына арналған қолжетімді жол. Қылмыскерлер адамның қызығушылық, қорқыныш, аяушылық секілді сезімдерін пайдаланып, алдаудың түрлі әдістерін қолданады. Мысалы, поштаңызға ақша ұтып алғаныңызды жазады. Оны алу үшін сілтемеге өтіп, жеке мәліметіңізбен бөлісу керек боласыз. Белгісіз жіберушіден келген хаттағы сілтемеге баспаңыз. Жеке мәліметіңізді жазуды өтінген күмәнді хаттарға жауап бермеңіз. Сізге таныс компания атынан құпия ақпаратты сұраған хат келсе, жауап бермеңіз. Себебі ешбір компанияның өз клиентінен хат арқылы құпия мәліметті сұрауға құқығы жоқ. URL-адресті тексеріңіз, көп жағдайда бір әріптен болсын қате болады.