Күндер күзетіп, сағаттар санап күткен кездесу де таяп қалды. Ертең белгіленген күн! Міне, осындай «арманындағы» адаммен кездесер сәтте кімнің болмасын қобалжитыны анық. Көбіне қыздар қауымын «не киемін?», «өзімді қалай ұстасам болады?» секілді түрлі сұрақ мазалайды. Табиғатынан күйгелек келетін әйел заты бұл сұрақтарды күніне кемінде екі-үш рет ойлайды екен. Әрине, бұл сауалдардың орны бар. Себебі жоспарланған кездесудің сәнін келтіріп, шырайын шығаратын да осы нәзік жандылар. Кездесетін адамыңызға әсер қалдырамын десеңіз:
Әрине, өзіміз сезіп отырғандай, бұл адам сізге ұнап жүрген немесе сізді ұнатып жүрген жігіт. Кездесуге ұсыныс жасаған сәттен-ақ, сізді қайда апаратынын өзі шешсін. «Кездесу орнын менен гөрі сен жақсы білесің ғой» немесе «сенің талғамыңа сенемін» деген секілді сөз тіркестерін қолданыңыз. Бұл – сыйлы қарым-қатынастың бастауы. Яғни жігіт бұл шешімді қабылдай отырып, біріншіден өзіне сенімділігі артады, екінші, сеніміңізді ақтауға тырысады, үшінші сіздің оған деген сыйластығыңыз аңғарылады. Егер кездесу орны сізге ұнамаса, бұл жайлы жігітке айтудың керегі жоқ. Оған өз талғамыңыз бен қызығушылықтарыңызды айтып, келесі кездесуді өз мойныңызға алуға болады. Сол кездесуді өзіңіз ойлағандай етіп өткізіп, ой салуға тырыссаңыз болғаны.
Ендігі кезек – сырт келбетте!
Опа-далапты көп бояу арқылы жігіттің көңілін аулаймын деген ойдан аулақ болыңыз. Бұл кереғар пікір. Күнделікті тұрмыста мұндай жайттар көп кездеседі. Бірінші кездесуге ерінге қызыл далап жағудан сақтаныңыз. Сонымен қатар шаш үлгісін де асыра сілтемеңіз. Түрлі шаш қыстырғыштар, шпилькілер немесе көзге түсетін жылтырақтарды тағудың қажеті жоқ. Көзіңізге кезең-кезеңмен бояу жақпаңыз. Айтылған ережелер орындалмаса, жігіттің психологиясында келеңсіз ойлардың тууы әбден мүмкін. Сондықтан қарапайым болуға тырысыңыз. Олар көбіне табиғи, өз анасына ұқсайтын қыздарға көңіл аударады. Осы орайда, бетіңізді жасандылықтан сақтап, өз бейнеңізді ашатын бояулар жаққаныңыз жөн. Және міндетті түрде тырнақ күтіміне көңіл аудару қажет. Қыздың қолы – оның айнасы. Бұл ретте де, жақсы бояу талғанып, көзге бірден түспеу қажет.
Екінші кезең – жарасымды киім таңдау!
Бейтаныс адамды кім болмасын киіміне қарап қарсы алып, ақылымен шығарып салады. Бұл қалыптасқан үрдіс. Расымен де, ортамызға бір адам келсе немесе ұнатқан бір жігітті көрсек, шыны керек, киіміне ерекше мән береміз. Себебі оның киген киімі арқылы адамды толық болмаса да, жартылай тануға болады. Оның киім үлгісінен, сәнге көзқарасын, тіпті мінезін де аңғаруға болады. Ендеше, киімге қойылатын талаптар:
Денеңізге тым жабысып тұратын киім таңдамағаныңыз абзал. Мейлі ол сізге жарасып, сымбатыңыздың көркін келтірсе де. Себебі сіз кездесуге әсем де болса, ыңғайсыз мата жабыстырып құр манекен болуға бара жатқан жоқсыз. Келесі ескертетін жағдай, ашық киімдер жайында. Кеуде тұсыңыз тым ашық не, етегіңіздің қысқалығы жігітке ұнамайтыны анық. Биік өкшелі аяқ киімдерге де үйір болмаңыз. Егер күнделікті киіп, сізге жүруге ыңғайлы болса, әрине, биік көрінгеніңіз дұрыс. Алайда биік өкшелі аяқ-киімдерді сирек киетін болсаңыз, өзіңізді қинамаңыз.
Моншақтар мен аксессуарларды аз қолданыңыз. Жаңа жылда балалар қызыға ілген шырша кейпіне ұқсағыңыз келмесе, жылтыр заттарды мөлшермен тағыңыз. Және дайындықтың қорытынды кезеңі – хош иіс. Аса тәтті немесе өткір иістер серіктесіңіздің басын ауыртуы мүмкін. Сондықтан жеңіл, жағымды әтір сәтті кездесудің сәні болуы әбден мүмкін.
Үшінші кезең – сөйлеу мәнері.
Иә, жоғарыда айтылған кеңестерді орындау қолыңыздан келеді. Жарасымды киім, табиғи әсемдік, хош иісті әтір... Бірақ кездесуде маңыздысы ол емес. Арада жақсы әңгіме-дүкен құрылса болғаны. Сіздің ойыңыз, пікіріңіз аса маңызды. Иә, өзі жайында айтуды жақсы көретін жігіттер жетерлік. Бірақ оған қосылып, сіз де өзіңіз жайында көп айтып кетпеңіз. Сіздің серігіңіз өте білімді иә ашық-жарқын адам болуы мүмкін. Бұл жағдайда өз ойыңызды, пікіріңізді ақылға салып, жақсы сөйлеуге тырысқан жөн. Егер келіспейтін тұстарыңыз болса, соңын дауға ұластырып, өз дегеніңізде тұрып алмаңыз. Жігіттер қауымы ақылды қыздарды ұната бермейтінін ескерсек, жай күліп, оның айтқаны дұрыс екенін мойындай қойғаныңыз абзал.
Барлық жағдайға дайын болыңыз!
Серігіңіз қай жерге апарса да, сабырлылық танытыңыз. Тіпті ат бәйгесіне апарса да, байсалды болуға тырысыңыз. Тек өзіңізге сеніп, жүзіңіздегі күлкіні жоғалтпасаңыз болғаны.
P.S. Кездесуіңіз сәтті өтсін!
Жолдаған: Арай Арнұр
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: blog.lib.umn.edu