- Негізгі бет
- Жаднама
- Кептеліс кезінде жүйкені...
Кептеліс кезінде жүйкені сақтап...
Таңмен жұмысқа, сабаққа бара жатқанда, кешке қайтып келгенде 1-2 сағат жол кептелісінде тұрып қалу еліміздің кейбір қалалары тұрғындары үшін үйреншікті жағдайға айналды. Босқа өткен осы уақытымызды қалай пайдалы қылуға болады?
Жол кептелісінде босқа уайымдап, ұрсысып, жүйкеңізді жұқартқанша, уақытты өткізудің басқа пайдалы жолдарын табайық.
Оқу
Өзіңізбен бірге бұрыннан оқығыңыз келіп жүрген кітап не журналдың жаңа нөмірін алып жүріңіз. Жол кептелісінде тұрып қалғанда оқумен уақыт тез өтетін болады. Бірақ қараңғы жерде, түнде, әлсіз жарықтандыру кезінде, көлік тым қатты шайқалып жүргенде оқымаған абзал. Әрине көлік рөлінде өзіңіз отырсаңыз, кітап оқуды басқа уақытқа қалдырған жөн.
Музыка тыңдау
Бұл көлік кептелісіндегі барлық жүргізушілердің сүйікті ісі. Сүйікті әуендерге қосылып өлең айтуға, тіпті қолды қимылдатып билеп, денеңізді жазуға болады. Музыка көңіл көтеріп, ұзақ жолды қысқарта түседі. Ал өз уақытына үлкен жауапкершілікпен қарайтын жандар жұмыс уақытын музыка тыңдауға бөлмесе, дәл осы кептеліс кезінде жаңа музыкалық альбомды алдын ала дискке жазып алып көлікте тыңдап, оған баға бере алады.
Қазір шет тілі сабақтары апта сайын 3-4 рет 1-2 сағаттан өтеді. Қарап тұрсақ біз кептелісте тұратын уақыт та бұл уақыттан көбірек екен. Сондықтан тіл үйрену мәселесін өз қолыңызға алып, кептелісте тұрған кезде арнайы тіл үйрену аудио жазбаларын тыңдауға болады. Оны көліктегі магнитафон не ұялы телефонның плееріне қосыңыз да, сабағыңызды бастаңыз. Қажетті сабақтарды тегін интернеттен жүктеп алуға болады.
Көліктің ішін ретке келтіруге
Автоңыздың салонын ретке келтіріп, іштегі қоқыстарды жинауға қол тимейді ме? Ал кептелісте тұрған уақыт ше? Кептелісте тұрып-ақ көліктің ішін ретке келтіріп, қоқыстарды бір бұрышқа жинап қоюға, майлықпен шаңды сүртіп, майда-шүйде заттарды орындарына қоюға әбден болады. Тез кірленіп қалатын айналарды да бір сүртіп шығыңыз.
Сөйлесе алмай жүрген жандармен қоңырау шалыңыз
Бұл кеңесіміз рөлде отырмаған жандарға арналады. Жолда кетіп бара жатқанда қасыңыздағы адамдарға бөгет жасамасаңыз (автобуста не таксиде), телефоныңыздағы сақталған нөмірлерді қарап шығып, ұмытып бара жатқан шаруаларды шешу үшін қажетті қоңыраулар жасаңыз. Сондай-ақ, бұрыннан бері хабарласпай кеткен достарыңыз бен туыстарыңызға бір телефон соғып, қал сұрасаңыз болады.
Бояну (нәзік жандылар үшін)
Таңмен дұрыстап боянып, жақсы шаш сәнін жасауға уақыт жетпесе, қажетті құралдарды өзіңізбен бірге алып, бұл дауаларды таксидің ішінде отырып жасаңыз. Бастысы өткір, қауіпті құралдарды жолда қолданбаңыз. Ал рөлде отырғандар бұл кеңесті қолданбағандары дұрыс.
Тамақтаныңыз
Егер сіз үшін көлік кептелісі күнделікті рәсім болса, таңмен уақытты босқа жұмсамау үшін өз таңғы асыңызды көліктің ішінде ішіңіз. Бутерброд не алма, су таңмен үйде тамақтанбайтындар үшін жақсы шешім. Бастысы тәтті шоколадтар мен фаст-фудтан бас тартыңыз. Көлікті айдап бара жатқандарға тамақтану кедергі болмауы керек.
Гаджеттерді қолдану
Заманауи гаджеттер: смартфон, планшет пен электронды кітаптардың рахатын кептеліс кезінде байқауға болады. Үйге не жұмысқа жеткенде уақытты пошта тексеру, әлеуметтік желілерде өткізуге жұмсамау үшін бұл шаруаларды жолда аяқтап тастаңыз. Жаңалықтар лентасымен танысып, қажет жерге "лайк" басып, пікір жазыңыз, жаңа суреттерді қарап шығыңыз. Осылайша жолдың ұзақтығын байқамай, жұмыста да босқа уақыт жоғалтпайсыз.
Жаттығулар жасаңыз
Ұзақ жолдан үстіңіз, арқаңыз ауырып, аяғыңыз ұйып қалса, жолда жасауға болатын жаттығулар орындап, керіліп, тартылыңыз. Осылайша отырыңқы өмір тәртібі дерттерінен сақтана аласыздар. Әсіресе бұл жаттығулар жолда көп жүретін жүргізушілерге, кеңседе отыратын қызметкерлерге пайдалы.
Г. Берік