- Негізгі бет
- Жаднама
- Кемтар әке ...
Кемтар әке
Ол есін білгеннен бері әкесінің кемтар екенін, өте қарапайым адам екенін білетін-ді. Оның ойынша, әкесінің ешқандай кереметтігі де, құрмет тұтар даралығы да жоқ еді. Сондықтан ол кейде әкесі жоқ кезді пайдаланып шешесінен: «Не үшін осындай еркекке тұрмысқа шықтың?» деп сұрап, табандап тұрып алатын. Бірде қалаға жоғары сынып оқушылары арасындағы баскетбол спорт додасына олар жолдама ұтып алды. Ол мектептің баскетбол ұжымындағы ең белді шабуылшылардың бірі болатын. Ол шешесіне: «Мен жарыс майданынан сізді көргім келеді!» деді жалғыз қалғанда.
«Айтпай-ақ қой, әкең екеуміз міндетті түрде барамыз, балам!» деді шешесі.
«Әкемді дегем жоқ, сіз болсаңыз ғана болды...» деді ол суық райда.
Анасы таң қалып, не үшін екенін сұрады. Ол амалсыз: «Жарыс майданында кемтар кісінің жүруі міндетті түрде спорт додасының сәнін бұзады» деді.
«Әкеңнен жиіркеніп тұрсың, солай ма?» деді анасы қайғырған бейнеде.
Дәл осы сәтте әкесі кіріп келді. Өзінің осы аптада іссапармен сыртқа кететіндігін, жарысқа бара алмайтындығын, осы үшін өкінішін айтып, баласына ақ жол тіледі.
«Ақ жол тілеймін, әке!» деді баласы салқын қабақ танытып.
«Мен де бәсекелеріңе жеңіс тілеймін!» деді әкесі.
Спорт додасы ақыры олардың жеңісімен аяқталды. Ол шынымен де керемет ойын көрсетті. Жол үстінде қатты әсерленіп, шешесіне ойын барысындағы қызықты сәттерді аузы-аузына тимей айтып келе жатты.
«Әкең бұл хабарды естісе, сөзсіз қатты қуанар еді» деді шешесі.
«Мама, мұндай көңілді шақта оны ауызға алмай-ақ қойсақ қайтеді?» деді баласы.
Анасының жүрегі дір ете қалды: «Не үшін? Не үшін бұлай істейсің?» деп сұрады.
«Ештеңе, тек оны қазір тілге тиек еткім келмейді».
«Бері қара, - деді анасы ентігіп, ашу-ызасын баса алмай, - Мен бұл істі саған айтпасам болмайтын сияқты. Әкеңнің не үшін кемтар болып қалғанын сен білесің бе? Білмейсің. Сондықтан одан жиіркенесің. Сенің екі жас кезіңде біз сені саябаққа алып бардық. Содан үйге қайтып бара жатқан жолда, сен тентектік жасап, күре жолға жүгіріп шығып кеттің. Дәл сол кезде оқтай зымыраған көлік саған қарай келе жатыр еді, әкең сені құтқарып, өзі көлік астына түсті. Сен аман қалдың. Бірақ әкең ауыр жараланып, қос аяғынан айырылды...».
Оның басы салбырап кетті. Анасы сөзін жалғастырып: «Әкең сенің өсіп-жетілуіңе кері әсері тимесін деп бұл оқиғаны ұдайы сенен жасырып келді. Менің айтуыма да рұқсат берген жоқ. Қайсы күні сенің жарыс майданына оның бармауын тілеген сөздеріңді ол сыртта тұрып естіген екен. Оның іссапар дегені де өтірік. Шындығында, осы өтірігін жасыру үшін үйге келмей, ол сыртта түнеп, далада безіп жүр! Сен осыларды түсінесің бе?» деп анасы өзі ұстай алмай, жылап қоя берді.
Ол жұмған аузын ашқан жоқ. Тек көзінде мөлдіреген жас тұнып тұрды... Оның ішікі әлемінде «Әке, мені кешір...» деген сөздер жаңғырып жатыр еді.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: storify.com
M. Auelkhan