Келіссөздің ең негізгі 3 ережесі

Келіссөздің ең негізгі 3 ережесі
Фото: freepik.com

Сату бойынша халықаралық маман Грант Кардон келіссөзге басқаша қарауға үндейді. Оның айтуынша, адамдар келіссөзді ақыр соңындағы келісімге, екі жақ қол алысып шарт жасасуға бола жүргізеді. Келіссөзді серіктестермен қарым-қатынас құрудағы ең басты нәрсе деп білу керек. Себебі кез келген жағдайда келісуге болады, ал серіктестермен қарым-қатынасты сақтау одан да маңызды. Белгілі бір келіссөз нәтижесінде олар сізбен кейін байланыс орнатқысы келмеуі мүмкін.

Назарыңызға Грант Кардон жазған келіссөздің ең негізгі 3 ережесін ұсынамыз.

1. Келіссөзді бірінші бастаңыз

Келіссөз процесін әрдайым бірінші бастап кетуге дайын болыңыз. Себебі келіссөздің басын өз қолына алған адам көп жағдайда оның соңында да жағдайды өз бақылауында ұстайды. Егер екінші тарапқа келіссөз тізгінін беріп қойсаңыз, бүкіл процестің қалайша уысыңыздан шығарып алғаныңызды байқамай қаласыз. Мысалы сіз біреуден оның бюджетін сұрай қалсаңыз, оған келіссөзді бастауға мүмкіндік беріп қоясыз. Артынша келіссөз дәл сол бюджетке негізделіп кетеді. 

Екі тарап ақша туралы келісімге келетін келіссөз кезінде Грант екінші тарап жағдайды толығымен иемденіп кетпеуі үшін, кейде сөзін бөліп, өз шартын сақтап отырған. Бұл біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ бұл өте маңызды сәт. Себебі мұндай келіссөзді сіз бірінші бастауыңыз керек.

2. Келіссөзді жазбаша жүргізіңіз

Ауызша келісімге келуге болмайды. Шарттардың жазбаша нұсқасы әрдайым қолда болуы керек. Себебі келіссөздің соңы шарттарға қол қоюмен аяқталады. Егер бірінші келіссөз жасап, кейін барып жазбаша келісімге көшсеңіздер, артық уақыт шығындайсыздар және екінші тараптың сол арада ойы өзгеріп, келіссөздегі сөзінен айнып қалуы мүмкін.

3. Сабырлы болыңыз

Келіссөз кезінде жағдай шиеленісіп, атмосфера қиындап кетуі мүмкін. Келіссөз жүргізуде тәжірибесі бар адамдар мұндайда сабыр сақтап, ситуацияны қадағалап отырады. Себебі артық эмоция мен қобалжу келіссөзге қатысып отырғандарға тиімді, ұтымды ұсыныстар жасауға кедергі келтіреді. Әрдайым сабырлы болыңыз, қиын ситуацияда логикаңызға иек артыңыз.

Massaget.kz