- Негізгі бет
- Жаднама
- Келін шешкен жұмбақ...
Келін шешкен жұмбақ
Ертеде өмір бойы сауданы кәсіп еткен бір ақылды адам әбден қартайған шағында жалғыз баласын шақырып алып, керуенді бастап сапарға шығуын сұрайды. Бұған келіні қалай қарайды деген оймен оған кісі жібереді. Сонда, келіні:
– Алпыс күндік шөл болса, атан барар, төсегінен жеріген атам барар жер екен, – деп келген адамды қайтарып жіберіпті.
Бұл сөзді естіген атасы «Келінім ақылды адам екен, сөз тапқанға қолқа жоқ, өзім-ақ барайын» деп тәуекелмен жолға шығыпты. Жолаушылар барған жағынан олжалы оралыпты. Еліне бес-алты күндік жол қалғанда керуені қарақшыларға кез болады. Олар шалды қосшыларымен қоса байлап тастап, дүние-мүлкін талап кетуге бет алады. Желсіз, сусыз айдалада аяқ-қолы байлаулы қалып бара жатқан керуен басы:
– Ей жарандар, сақалымның ағында, өлерімнің шағында сүйегімді ит-құсқа жем қылғанша, еліме барып «Керуеншілер келе жатыр» деп сүйінші сұраңдар. Бізді қарсы алуға шыққандар тым болмаса сүйегімізді тауып алар. Оларға сендерге сыйлық берсін деп сәлем айтып жіберем, – дейді.
Өзара ақылдасқан қарақшылар «Шалдың дүниесін тонап алдық, енді еліне барып сыйлыққа кенелмейміз бе?» деген ойға келеді, сонда керуен басы қарақшыларға:
– Сендерге қызыл қасқа атты, жирен жорғаны, алпыс құлаш арқанды, жетпіс құлаш шідерді, қайрамай өтетін пышағымды берсін. Үйдің сыртында тұрған бәйтеректің бірін кессін, екіншісінің түбін көмсін, – дейді.
Екі қарақшы оның еліне барып сәлемін айтып, сүйінші сұрайды. Бұған қауым ел мәз-мейрам болады. Әлгі ақылды келін:
– Ана жақта бір топ адам байлаулы жатыр, босқа дүрлігудің қажеті жоқ. Атамның жұмбақ сәлемін шешейік, тез жәрдем көрсетейік. «Қызыл қасқа мен жирен жорғаны берсін» дегені – елдің қасқасы мен жайсаңдары ақылдассын деген сөзі, «алпыс құлаш арқан, жетпіс құлаш шідер берсін» дегені – қарақшылар алпыс, оған қарсы жетпіс адам жіберсін дегені, «қайрамай өтетін пышағым» және мен «екі бәйтеректің бірін кессін екіншісін көмсін» дегені – қарақшының бірін өлтіріп екіншісін ала шықсын дегені, – дейді. Ақылды келіннің арқасында жұмбақты шешіп, ел керуен басының сәлемін бұлжытпай орындап, жолаушыларды ажалдан аман алып қалыпты.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: vk.com
M. Auelkhan