Келесі аптаның 7 ісі

 

 

8 наурызда гүл шоқтарына ие болдыңыз ба? Олар солмай тұрып, ғұмырын ұзарту бойынша кеңестермен танысыңыз, ал егер ешқайсысы көмектеспесе,  оларды аяй бермей, лақтырыңыз! Гүлдің орнына, көктемнің керемет мерекесі 8 наурыздан алған әсеріңіз көңіліңізде ұзақ сақталмақ. 

 

12 наурыз - көшет егу мерекесі. Бұл күні далаға күрек арқалап, ағаш отырғызбасаңыз да, өзіңіздің бөлме гүлдеріне мереке ұйымдастырып, оларды баптап, суарып күтіңіз. Гүліңіз де жоқ па? Онда бұл күн -  соны сатып алуға жақсы себеп!


 

 8 наурызда мектептегі сүйікті мұғаліміңізді құттықтауды ұмыттыңыз ба? Әлі де кеш емес! Ұмытып не құттықтауға қолыңыз тимеген жандардың бәрін есіңізге алып, хабарлама жіберіп, не қоңырау шалып құттықтаңыз! "Ештен кеш жақсы" демекші, мұғаліміңіз де бір риза боп қалсын!


Көктем - жаңбырлы маусым. Сіз оған дайынсыз ба? Жаңбырлы күндері ең керек бұйым - қолшатыр. Оны таңдау және күту бойынша кеңестерімен танысып, жаңасын алсаңыз болады. Бұл кезде есте сақтайтын жайт: қолшатыр тек жаңбырдан құтқаратын бұйым ғана емес, сондай-ақ сәнді аксессуар. 


15 наурыз - Халықаралық тұтынушы құқықтарын қорғау күні. Өзіңіздің тұтынушы ретіндегі құқықтарыңызды білесіз бе? Бұл күнді солармен танысуға арнап, болашақта құқықтарыңыздың бұзылуына жол бермеңіз! 


16 наурыз - Халықаралық ұйқы күні. Бұл мерекені қалай тойлау керек? Әлбетте! Жақсы ұйқымен! Ертерек жатып, ұйқыңызды әбден қандырып алыңыз. Ояңғанда жақсы әуен тыңдап, көңіліңізді көтеріңіз. Өзіңізге таңғы ас әзірлеп, күніңізді жақсы бастаңыз. Және де бұл әдетке айналып, әр күніңіз осылай басталсын.  


Көктем өзімен бірге романтикалық көңіл-күй әкелді. Сүйіктіңізді әдеттегідей кино, кафеге емес, саябаққа романтикалық кездесуге, не табиғатқа  бәйшешек жинауға апарыңыз не болмаса, шуақты күні қалаңыздың әдемі жерлеріне қыдыртыңыз.