Сәлем, достар! Әп дегенше, осы апта да өте шығыпты. Дәстүрлі жаднамамызды назарларыңызға ұсынамыз!
1. Әлбетте, келер аптаның басты жаңалығы - 1 мамыр. Тілі бір болмаса да, тілегі бір, жүзі бір болмаса да, жүрегі бір көпұлтты халықтың татулық пен ынтымақты тойлайтын мерекесі. Бұл күні сіз тұратын жердің ең керемет мекенінде мерекелік шара болатын шығар. Мерекені мереке қылатын әркімнің өзі болса, сіз осы шараға атүсті қарамай, барынша сәнденіп, мерекелік көңіл-күймен барыңыз!
2. Мамыражай мамырда оқу жылы тәмамдалып, көбіміз демалысқа шығамыз. Ал мектеп түлектері үшін ҰБТ күн санап жақындап келеді. Біздің сайттағы ҰБТ сұрақтары қажетіңізге жарап қалар. Құрметті түлек, бастысы - өз-өзіңізге сеніңіз! "Есесі қайтпас еңбек жоқ". Шын мәнінде тер төгіп дайындалған болсаңыз, жоғары балдың сізді күлім қағып күтіп тұрғаны сөзсіз.
3. Бұл мезгіл қырмызы қыздардың қызғалдақтай құлпыратын кезеңі. Көркемдік пен нәзіктіктің иелері осы бір жастық шақта бойындағы бар сұлулығын паш етіп, әлемді әрімен әсемдесе, жұмыр жердің қуанышы да осы емес пе? Көктеммен бірге жаңарайық, қыздар!
4. Киносүйер қауым кез келген жаңа фильмге елең етіп, оны көрмейінше тыншымайтыны сөзсіз. Кино әлемі жақын арада екі үлкен еңбекпен толықпақ. "Қара киімділер 3" пен "Жаужүрек мың балада" қандай оқиғалар өрбиді? Аты жер жарған фильмдер туралы оқып алыңыз.
5. Алматы атты мәдени шаһардың төріне Астананың "Жастар" театры қонаққа келіп, халыққа рухани байлық сыйлауда. Сіз де қапы қалмаңыз! Келесі аптада "Жастардың" жауһар өнері арқылы жан-дүниеңізге ұмытылмас әсер тарту етіңіз!
6. Әдемі бейнебаян көрген сайын, "Осындай бейнебаянды мен де жасамасам ба осы?!" деп құлшынамыз. Ниетіміз болғанымен, қалай жасау керектігін білмей дал болып, ақыры сосын үйреніп алармын деп кейінге ысырып тастаймыз. Жоқ, қазір-ақ үйреніп алыңыз! Бұл аса қиын емес.
7. Денсаулығыңыз сыр беретін болып жүр ме? Бірден дәріханаға жүгіріп барып, дәрі ішпейінше тағат таппайсыз ба? Дәрінің ауырған жеріңізді басқанымен, сау жерлеріңізге кері әсер ететінін білесіз бе? Осы жерден тоқтаңыз. Дәріхана мен аурухананың есігін ашпастан бұрын, өзіңізді-өзіңіз емдеңіз! Бұл кім-кімнің де қолынан келеді...
сурет:liveinternet.ru, hq-wallpapers.ru