Мені үнемі бір ой мазалайды. Үйде әпкеммен немесе ағаммен сөзге келіп қалсам, кек алғым келіп тұрады. Дос қыздарыммен сөз таластырып қалсақ та кектеніп қаламын. Сосын кегімді қалай қайтарсам екен? деп үнемі ойланып жүремін. Бұл жақсы мінез емес екенін білемін. Киноларда кек аламын деп, соңында өзі жамандыққа ұшырап жатады ғой. Сондайды ойлап қорқамын. Не істеуге болады? Сәлеммен, Балнұр. Германияның психолог мамандары кекшіл адамдардың жолы бола бермейтінін, ал кешірімді адамдар бақытты өмір сүретінін айтыпты. Сондай-ақ, кекшіл адамдардың достары аз болады және үнемі өміріне риза болмай жүреді екен. Әдетте психологияның заңдылығы бойынша, сол жерде өстіп едің ғой, ана жерде маған бүйтіп айтып едің ғой деген сөзді жиі айтатын адамдар кекшілдер қатарына жатқызылады. Ондай адамдардың араласатын дос-жарандары да аз болмай қайтеді енді. Кекшілдік, қызғаншақтық рухани жұтаңдықтың бір көрінісі. Әйтпесе, түкке тұрмайтын бір сөзге бола кектену әлсіздік. Кекшіл адамдар әдетте тұйық болып келеді. Сондықтан болған жәйтқа бірден жауап беруді үйренбесе, ішінде қалған реніші жарылыс тудыратын жер іздей бастайды. Кекшілдік адамдармен емін-еркін араласуға кедергі жасайды. Үнемі ойында сол баяғы өтіп кеткен өкпесі тұрғандықтан, ескі таныстарымен кездесуден қашады. Тіпті, кездейсоқ жолығып қалудан сақтанып жүреді. Телефон тұтқасын көтермей, себепсізден себепсіз ара-қатынасын үзе салады. Кекшілдік әр адамда әртүрлі болады. Бірақ, қандайы болса да адам жанына жаман әсер қалдырады. Ішіндегі реніші жараға айналып шыға келеді. Кекшіл адамдардың әдетте тамағы ауырады. Қалқанша безінің жұмысы нашарлап, көбіне ангинамен ауырады екен. Тіпті, бара-бара ми ісігі ауруына шалдығуы да мүмкін. Сондықтан, адамдар өзін аяуы керек. Кекшіл адамға кеңес Келеңсіз жағдайлардың өзінен өзіңізге пайдалы бір нәрсе алуға тырысыңыз. Егер жаныңыздағы адам жанды жеріңізге тиіп кетсе, шындықты көзге айтып тұр деп есептеңіз. Неге олай айтты, оның айтқаны неге жаныңызға тиді, ойланып көріңіз. Өз кемшілігіңізді мойындаңыз. Оған ренжімей тұрып, алдымен ол адамды түсінуге тырысыңыз. Мүмкін ол оны саналы түрде жасап тұрмаған шығар, мүмкін оның табиғаты сондай шығар Егер ол адам бірбеткей, дөрекі адам болса, онда оның айтқандарын мүлдем ұмыта салған дұрыс. Кек алудың аса саяси түрі елемеу деген екен бір данышпан. Саған қарата айтылған сөздің керегін алып, керек емесін елемеу сенің қолыңнан келеді деп ойлаймыз. Өйткені, кекшіл адам екенін мойындап тұр-ған адам кешірімді адамға айналуы оп-оңай. Ділда Сақтағанова, психолог: Айналайын Балнұр, сенің жасыңдағы адамдарға тән максималистік мінез-құлық әртүрлі жағдайда көріне береді. Дегенмен, бойыңдағы ерекшелікті аңғарып, білгеніңнің өзі үлкен нәтиже. Сені мазалайтын ойға байланысты айтарым, жамандыққа ұшырап қалудан қорыққаннан гөрі, жағдайды терең түсініп, себеп-салдарын анықтап, нәтижесінде не болатынына көбірек мән берген жөн. Уақытша кек алып жеңіске жету шын мәнінде жеңіс емес, жеңіліс. Өмірде адамдар көп, келіспеушіліктер де жиі кездеседі, бірақ сен кек алу арқылы өзіңнің бойыңдағы жақсы қасиеттердің жойылып кетуіне жол берме Сені қанағаттандырмайтын қандай жағдайлар бар? Соларды тереңірек жан-жақты қайта қарастыр, ақылмен, дана шешім табуға тырыс. Тіпті болмаса, психолог маманмен кеңес. Өмірде жолың болсын, Балнұр! Балжан МұратқызыАқ желкен, №9