- Негізгі бет
- Жаднама
- Қазақстанда тәуелсіздік жылдары...
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары болған терактілер
Терроризм – елді қорқыту мен үркіту арқылы зорлық-зомбылық жасау әрекеті. Терроризмге белгілі бір азаматтар мен ұйымдар барады. Ал лаңкестердің негізгі нысаны – бұл мемлекеттік мүлік пен ғимараттар, мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым азаматтар.
Қазақстан лаңкестік жиі орын алатын аймақ емес. Бірақ тәуелсіздік жылдары болған лаңкестік сипаты бар деп танылған он шақты оқиға бар. Ендеше соларға тоқталайық.
Терракт деп танылмаған оқиғалар
2000 жыл қырқүйек
Алматы қаласында болған оқиға. Ұйғыр экстремисттік тобы полиция қызметкерлерімен қақтығысып, ресми деректерге сүйенсек, бір лаңкес көз жұмған. Ұйымдасқан топтың құрамында төрт адам болған. Олар Алматы қаласының шағын аудандарының бірінде екі полицияны өлтірді деген айып тағылды. Қылмыскерлерді ҚР ІІМ арнайы тобы құрықтады.
2011 жыл 17 мамыр
Ақтөбе қаласында болған оқиға. Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болды делінген азамат (1986 жылы туған) ҰҚК-нің Ақтөбе облыстық департаментінің ғимаратына келіп өз-өзін жарып жіберген. Жарылыстан екі адам зардап шекті. Бірі – күзетші, екіншісі – департамент қызметкері. Ал жанкешті оқиға орнында көз жұмған.
Бас прокуратураның ресми дерегінше, азамат қылмыстық жауапкершіліктен бас тарту үшін осындай қадамға барған. Ал жарылғыш затты өзі қолдан жасаған көрінеді.
2011 жыл 24 мамыр
Астана маңында болған оқиға. Сергей Подкосов есімді жолаушы ҰҚК тергеу изоляторы жанында Audi-100 маркалы көлікті жарып жібереді. Оқиға ресми түрде терракт деп мойындалмағанымен, бұл оқиғадан екі адам көз жұмған.
Кейін белгілі болғандай, азамат көмір кенішінде үңгуші болып істеген екен. Әрі жарылғышты да өндірістік заттардан жасаған. Салмағы – 2,5 келі. Көліктің артқы орындығына жасырып жарған.
2011 жыл маусым
Ақтөбе облысында болған оқиға. 28 маусым күні полиция қызметкерлері тексеріс кезінде Талғат Шақанов есімді жергілікті тұрғынның автокөлігінен қару мен лаңкестік мазмұндағы кітаптарды тауып алады. Азамат сол күні тұтқындалған. Бірақ екі күннен кейін белгісіз бір адамдар аймақтық полиция учаскесіне келіп екі полиция қызметкерін атып кетеді. Ұйымдасқан топты ұстау мақсатында өңірде арнайы операция жүргізіледі. Кескілескен атыстан бандалық топтың 10 мүшесі мен полицияның арнайы тобының екі қызметкері көз жұған. Тағы бірнеше қызметкер жараланды.
Терракт деп танылған оқиғалар
2011 жыл тамыз
Атырауда болған оқиға. Тамыз айының аяғында Атырау полицейлері теракт жасауға дайындалды деген күдікпен ваххабит ағымының адамдарын тұтқындайды. 31 қазан күні Атырау қаласының екі жерінде, атап айтқанда, облыстық әкімдік пен прокуратура ғимаратында жарылыс болады. Бірінде 24 жастағы жанкешті Бауыржан Сұлтанғалиев есімді азамат көз жұмған.
Бұл оқиға Қазақстан тарихында алғаш рет теракт деген ресми атау алады.
2011 жыл қараша
Алматы қаласында болған оқиға. 8 қараша күні екі полиция қызметкері атылған. "Терроризм" бабы бойынша қылмыстық іс ашылып, күдіктілерді іздеу жұмысы басталады. Оқиғаға қатысы бар қылмыскерлер анықталып, 3 желтоқсан күні Боралдай ауылындағы жер үйден табылады. Күдіктілердің берілмесі анық. Атыс басталып, қылмыскерлер оқиға орнында қаза табады. Сондай-ақ, арнайы жасақтың екі қызметкері көз жұмған.
2011 жыл 12 қараша
Таразда болған оқиға. ҰҚК қызметкерлері 34 жастағы тұрғын Мақсат Қариевтің ізіне түседі. 12 қараша күні Қариев ізіне түскен ҰҚК-нің екі қызметкерін өлтіріп, қару-жарақ дүкенін тонап, оның күзетшісі мен сатып алушысын, мамандандырылған күзет қызметінің екі қызметкерін атып кетеді. Кейін ұсталғалы жатқанда өзін жарып жібереді. Сол сәтте полиция капитаны Ғазиз Байтасов жарылысты денесімен жауып, ерлік жасайды.
2012 жыл маусым
Ақтөбе 21 маусымда болған оқиға. Үш азамат такси жүргізушісін өлтірмек болады. Оған көмекке келген жол полиция қызметкері оқиға орнында мерт болған.
Шабуыл жасағандар екі күннен кейін табылды. Атыс болып, екі полицей жараланады. Екі содыр оқиға орнында көз жұмып, біреуі тұтқындалады.
2012 жыл 11 маусым
Алматы облысының Таусамал ауылында жер үй жарылып, өрт болады. Сегіз адам қайтыс болған. Оның төртеуі – балалар. Үйден көп қару-жарақ пен жарылғыш заттар табылған. Кейін белгілі болғандай, бұл жерде лаңкестер терорлік акт жасауға дайындалған көрінеді.
17 тамыз күні Таусамалдағы топпен байланысы бар деген күдікпен Бағанашыл ауылындағы жер үйге арнайы операция жүргізіледі. 12 адамның түгелімен көзі жойылады. Құқық қорғау органдарынан жапа шеккендер жоқ.
2012 жыл қыркүйек
14-15 қыркүйек күндері Атырау қаласының орталық ауданында орналасқан полиция пунктіне белгісіз біреулер оқ жаудырып, кейін қалалық полиция ғимаратына шабуыл жасаған.
Ұйымдасқан топ 21 қыркүйек күні Көктем шағын ауданынан табылады. Арнайы операция кезінде төрт содырдың көзі жойылды.
2016 жыл 5 маусым
Қазақстанда болған ірі террорлық актінің бірі. Ақтөбе қаласында діни радикалдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімді де тонамақ болады. Жеті адам қайтыс болды. Оның ішінде үшеуі – әскери қызметкер, төртеуі – қарапайым азаматтар.
Қалада антитеррорлық операция басталып, 18 экстремисттің көзі жойылады, 9-ы ұсталады. Операция 12 маусым күні аяқталады.
Лаңкестер тонап алып кеткен қару-жарақ тәркіленді.
Осы оқиғадан кейін Қазақстанда 40 күн бойы террористік қауіп бойынша "сары" деңгей енгізілді.
Кейін белгілі болғандай, ДАИШ ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) өкілдері Рамазан айының қарсаңында бірқатар елдерде шабуыл жасау туралы үндеу жасалған екен. Олардың қатарында Қазақстан да бар.
2016 жыл маусым
26 маусым күні Қарағанды облысында арнайы операция жүргізіліп, салафизм ағымының 6 өкілі ұсталады. Олардың біреуі 30 маусым күні өз-өзін жару актісін жасаған.
ҰКҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, ұсталған азаматтар Қарағанды облысында теракт ұйымдастырмақ болған екен. Инциденттің Ақтөбеде болған оқиғаға қатысы жоқ деп мәлімделді. Ал 26 маусым күні Балқаш қаласы мен Гүлшат ауылында тағы бір радикалды топ ұсталады. Солардың бірі өз-өзін жарып жібереді. Одан басқа зардап шегушілер жоқ.
Қ. Слямбек