Қазіргі кезде көпшілік мотиваторларға, яғни адамның жігерін жанып, қайратын қуаттандыратын жазуы бар суреттерге құмар. Өкінішке орай, оны орыс, ағылшын не өзге тілдерде оқуға мүмкіндік көп те, қазақ тілінде жазылған жігер жанығыштар сирек кездеседі.
Бухпин Нұрлыбек есімді азамат инстаграм желісіндегі парақшасында қазақша мотиваторлар жариялап отырады. Ол биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курсын бітірді. Оның графикалық дизайнмен айналысып жүргеніне 2 жылдай уақыт болған.
Нұрлыбек қазақша мотиваторларды қаңтар айынан бастап қолға алған және ол өз жобасын "Qazaqmotivation" деп атаған. Қазақша мотиваторлар жасауындағы негізгі мақсаты қандай екенін сұрағанда, ол былай деп жауап берді:
"Ресей елінде "Motive Me" атты орыс тіліндегі мотиваторлар жобасы бар. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ағылшын және орыс тіліндегі мотиваторларды көптеп кездестіреміз. Сол кезде неліктен мотиваторларды қазақ тілінде жасамасқа деген ой келді. Бұл қазақша мотиваторлардың ерекшелігі графикалық безендірілуінде және әр мотиватордың өзіндік стилі бар. Қазақша мотиваторлар жасаудағы басты мақсатым — олар арқылы қазақ тіліміздің бай екенін және тіліміз арқылы әр адамды ынталандандырып, рух бере алатынымызды дәлелдеу!"
Ендеше, Нұрлыбек Бухпин жасаған қазақша мотиваторларды көзбен көріңіз.