Қазақ тілінің онлайн-сөздіктері

Соңғы кезде қазақ тілінің салалық сөздіктері интернет кеңістікке бейімделіп келеді. Назарыңызға қазақ тілінің онлайн-сөздіктерінен құралған топтаманы ұсынамыз.

Lugat.kz – қазақ тілінің сөздіктер кешені. Лұғат – тегін сөздік сервисін ұсыну мақсатында жұмыс жасап жатқан бейкоммерциялық бағыттағы қоғамдық игілік. 2014 жылы Лұғат краудсорсингтік платформаға айналды. Кез келген қолданушы әлеуметтік желі арқылы тіркеліп, өзі қалаған сөздікке сөз қоса алатын болды немесе сол сөздікке модераторлық ету құқығына ие болды. Нәтижесінде Лұғаттың жалпы сөздік қоры 534 000 сөзге жетті.

Платформада ағылшынша-қазақша, қазақша-ағылшынша, орысша-қазақша, қазақша-орысша, түсіндірме сөздік, түрікше-қазақша, қазақша-түрікше, аймақтық сөздік, орфографиялық, синонимдер, арабша-қазақша, қазақша-арабша сөздіктер бар.

Emle.kz – орфографиялық сөздік. Мұнда сөздердің дұрыс жазылуын тексеріп қана қоймай, пунктуация ережелерімен, тіл біліміне қатысты мақала-кітаптармен танысуға болады. Сондай-ақ платформада аббревиатуралар сөздігі бар.

Termincom.kz – ғылым, білім, техника мен экономика, қоғамдық–әлеуметтік өмірдегі термин сөздердің бірыңғай республикалық терминологиялық электронды базасы. Сайт қазақ терминологиясын жүйелеудің жаңа талаптарын жүзеге асырып, терминология лексикасын біріздендеруді көздейді.

Қолданушылар бекітілген терминдер мен қолданыстағы терминдермен танысып, оны қызметіне қатысты қолдана алады. Сондай-ақ терминология саласында жарық көрген ғылыми, анықтамалық әдебиеттермен таныса алады.

Sozdikqor.kz – әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. "Сөздікқор" порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады.

Kaz.slovopedia.com – қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, аймақтық сөздік, қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі, философиялық терминдердің сөздігі, қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (Қалиев Байынқол), синонимдер сөздігі сияқты негізгі және тіл сөздіктері сияқты қосымша сөздіктердің қоры сақталған ірі ресурс.

Sozdik.kz – қазақша-орысша (орысша-қазақша) ең танымал сөздік. Платформада жеке сөздерден бөлек мәтіндерді де аударуға болады және қазақша мәтінді кириллицадан латынға ауыстыратын конвертер бар. Қолданушы сөздік базасына сөз қосуына болады.