«Дүйсенбіден бастап жаңа өмір бастаймын, жаттығу залына барамын, уақытымен тамақ ішемін» деген сияқты ойлар бәрімізге де келеді. Бірақ көбіміз осы айтылған қағидаларды орындамаймыз. Әрқашан ертеңге, келесі аптаға, алдымыздағы айға, тіпті келе жатқан жылға, әйтеуір кейінге қалдырудан жалықпаймыз.
Кейде бір ойымызды жүзеге асыру үшін бар ықыласымызбен, құлшынысымызбен кірісіп кетеміз. Мысалы, күн сайын спортпен шұғылданып жүрсек, сабағымыз жайына қалып жатады. Неге? Себебі екі кеменің басын ұстағымыз келмейді. Амалдың жоқтығынан біреуіне бет бұрып, екіншісіне келгенде ерініп қалып жатамыз. Сондықтан бүгін біз сіздердің назарларыңызға жалқаулықты жеңетін жапон қағидасын ұсынғымыз келіп отыр.
Жапондарда кайдзен деген қағида бар. Оны "1 минут қағидасы" деп те атайды. Адам күн сайын 1 минут белгілі бір нәрсемен, белгілі бір уақытта айналысады. 1 минут – өте аз уақыт. Демек, кімге болса да қиынға соқпайды. Жалқаулық мүлдем сіздің жолыңызға тұрмайды. Жарты сағат немесе бір сағат отырып, әртүрлі сылтау тауып, орындағыңыз келмеген заттарға кайдзен қағидасы арқылы жетуіңізге болады.
Секіргіште (скакалка) секіруге, пресс жаттығуларын жасауға, йогамен айналысуға, көңіліңіз қалаған кітаптарды оқуға 1 минуттік кайдзен қағидасын ұстанғаныңыз жөн. Бұл сізге қуаныш және ләззат сыйлайды. Сонымен қатар үлкен жетістікке жету үшін кішкентай қадамдардан бастау керектігін есіңізден шығармаңыз.
Бұл қағиданы ұстау арқылы сіз өз-өзіңізге сенімсіздікті жойып, тек алға қарай жеңіске, табысқа ұмтыласыз. Сосын бара-бара 1 минуттік жаттығуыңыз 5 минутқа ұласады. Сөйтіп жүріп жарты сағатқа да жетесіз.
Кайдзен қағидасы Жапонияда пайда болған. «Кай» - өзгеріс, «дзен» - білімділік деген мағынаны білдіреді. Оның авторы Масааки Имаи атты азамат. Ол кайдзен қағидасының жеке өмірде де, кәсіпте де көмектесетінін айтады.