Жұлдызнама жұлдызының адам мінезіне әсері бар екенін жақсы білеміз, ал тәуліктің қай мезгілінде туғаныңыздың да мінезге тигізер әсері бар екенін білесіз бе? Білмесеңіз, ата-анаңыздан сол уақытты сұрап алып, мына ақпаратқа көз жүгіртіңіз. Сонымен, бастайық...
Егер түн ортасында, яғни сағат 00:00 мен 02:00 аралығында дүниеге келсеңіз...
Онда сіз үшін өмірдегі басты нәрсе ол – отбасы. Қанша билік пен жетістікке жетсеңіз де, отбасыңызды, ата-анаңызды бірінші орынға қоясыз. Айналаңыздағы адамдарды дұрыс өмір сүруге тәрбиелеп, әрдайым үгіттеп, жұршылыққа ақыл айтып жүресіз. Сіз қашанда тұрақтылық пен бірқалыптылықты жақсы көресіз, өміріңізде күрт өзгерістер болуын қаламайсыз. Сондықтан да көпшілік сізді тұйық адам деп ойлайды. Алайда өзіңізге деген сенімділік басым болғандықтан, кез келген қиын жағдайдан шығып кете аласыз.
Егер түнгі 02:00 – 04.00 уақытында дүниеге келсеңіз...
Сіздің болмысыңыз әуесқойлыққа бай, қашанда жаңа істерге қызығушылық танытасыз. Жаңалыққа деген «қанағатсыздық» басым. Жақсы тіл табысқыш жансыз. Сенімді доссыз. Интеллектуалдық әлеуетіңіз де қалыптасқан. Саяхат жасауды ұнатасыз. Кітапты көп оқисыз, шығармашылыққа да жоқ емессіз. Сонымен бірге, байсалды спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көресіз.
Түнгі 04:00 – 06:00 кезінде дүниеге келсеңіз...
Әдетте халқымыз бұл уақытты таңға бір ұйқы қалған уақыт деп атайды. «Қыстың қамын жаз ойлайды» демекші, сіз қашанда сақтық шараларын бірінші орынға қоясыз, қор жинағыштық қасиетіңіз басым. Болашақты, алдағы уақытты көп ойлайсыз, уайымдайсыз. Айналаңыздағы адамдарға көмек көрсетуді жақсы көресіз, өйткені олардың да көмегі келер уақытта қажеттілік тудыратынын білесіз. Романтикаға деген құлшынысыңыз күшті, ал кейде аздап қырсықтық та танытасыз. Алайда мұны құқығыңыз бен мүддеңізді қорғаудың бір жолы деп түсінгеніңіз жөн.
Таңғы 06:00 – 08.00 сағат аралығында дүниеге келсеңіз...
Сіз адамдардың назарын жақсы көресіз. Иә, иә, оны жасырмаңыз. Әрі өзгелердің назарына түсу үшін өзіңізден көп нәрсені талап етесіз. Өйткені көпшіліктің назарын аудару үшін де харизма, қабілет, өнер, дарын, ақыл қажет емес пе? Қалай ойлайсыз?! Осыған қарамастан, туа бітті көшбасшылық қасиетіңіз де жақсы дамыған. Содан болса керек, кейде өктемшілдікке де барып жатасыз. Талапшыл жансыз.
Күн арқан бойы көтерілген уақыт, яғни сағат 08:00 мен 10:00 аралығында дүниеге келсеңіз...
Сіз өте сезімтал жансыз. Жалғыздықта, өз-өзіңізбен жеке қалғанды жақсы көресіз. Даңқты болуды, әлемдік деңгейде абыройыңыз болғанын қалайсыз. Тым ақкөңілсіз. Сондықтан көпшілікке тигізген көмегіңіз көл-көсір десек те болады. Әрі айналаңыздағы адамдарға қол ұшын беруден ләззат аласыз. Мұндай жандар – табиғатынан жарқын, абзал жандар. Кейде көрер көзге қызық, біртүрлі, әпенді адам болып көрінуі мүмкін.
Сәске түс уақытында, яғни сағат 10:00 мен 12:00 арасында дүниеге келсеңіз...
Көпшіл, ешкімді жатырқамайтын жансыз. Әңгімеңіз жарасқан адамдармен бірге жүргенді, солармен көп уақыт өткізгенді ұнатасыз. Қызығушылығыңыз бірдей адамдармен араласа келе туыстай, бауырдай болып кетесіз. Бұл сізге жақсы таныс. Өйткені адамдармен қарым-қатынаста ортақ қызығушылықты табуға тырысасыз. Жаңа достар табуға құштарсыз. Тамаша сәттерден, әсерлі кездесулерден ләззат аласыз.
Тал түсте, яғни сағат 12:00 мен 14:00 уақытында дүниеге келсеңіз...
Жауапкершілігі жоғары жансыз. Кез келген міндетті, тапсырманы мұқият орындайсыз. Өршіл, өр мақсатты адамсыз. Өзіңізге нақты не қажет екенін жақсы білесіз. Өзгелердің мақтанышы болғанды ұнатасыз. «Менімен мақтанса» екен деген емеурін қиялыңызда қатып қалғандай. Алайда дәл осы ой сізді мақсатқа, жаңа жетістіктерге жетелері хақ.
Түс ауа дүниеге келсеңіз, яғни сағат 14:00 пен 16:00 аралығында...
Белсенді, әрекетшіл, мақсатшыл жансыз. Тұрақты әрі бірқалыпты өмірді жақтырмайсыз. Қозғалыста, әрекетте, динамикада болғанды ұнатасыз. Жаңашылдыққа деген ұмтылыс ерекше. Дүниетанымды кеңейтуге, дамытуға қабілет, кәсіби біліктілікті арттыруға деген құштарлық, қарқындылық өміріңіздің мәніне айналған. Тоқтамаңыз, сонда ғана зор жетістіктерге жетесіз.
Екінді уақытында, яғни сағат 16:00 мен 18:00 уақыт аралығында дүниеге келсеңіз...
Позитивті, батыл, жігерлі жансыз. Әлемді, айналаны, дүниені тануға, оның қыр-сырларын түсінуге, құпияны ашуға деген ынтаңыз күшті, әрине. Өзгелермен ой бөліскенді, өз сезіміңізді жеткізгенді құп көре бермейсіз. Бұл өмірде адамдар бір-біріне міндетті деп ойлайсыз. Тіпті, сенуге, сүюге, жақсы көруге де міндетті деген қағидаңыз бар.
Сағат 18:00 бен 20:00 кезінде дүниеге келсеңіз...
Әдетте қызыл іңірлі шақ деп атайды халқымыз. Қарапайым ғана тіршілікті, өмірдің бірқалыптылығын қалайтын тұйық адамсыз. Қандай да бір дау-дамайдан, ұрыс-керістен қашасыз, ондай жағымсыз үрдістерге араласқыңыз келмейді. Өзгелермен тек ымырада, ынтымақта өмір сүруді қалайсыз. Татуласу жолында өз мүддеңізден де бас тарта аласыз. Бір қасиетіңіз бар: ол – өзгелердің не қалайтынын дәл тауып айта аласыз. Сондықтан олардың қалаған нәрсесін өзіңіз орындап беруге тырысасыз. Бір сөзбен айтқанда, өзгенің көңілін табуға тырысатын жансыз.
Іңір қараңғысында, яғни сағат 20:00 мен 22:00 уақытында дүниеге келсеңіз...
Зор жетістіктерге жетуді қалайтын, қателік жіберуді жек көретін жансыз. Өзге адамдарға көмектесу, қоғамға қандай да бір пайда әкелу – өміріңіздің мәні. Қоғамның пайдалы азаматы болғанды қалайсыз. Алға қойған мақсаттың барлығына жетуге болады деген кәміл сенім бар. Бұл негативті ойлардан арылтып, бар назарыңызды бір нүктеге, яғни, іске бағыттауға көмектеседі.
Түнгі сағат 22:00 мен 00:00 аралығында дүниеге келсеңіз...
Шығармашылықты жақсы көретін, оны сүйетін, түсінетін жансыз. Абырой мен атақ-даңқ сіз үшін басты орында. Танымал болудың қадірін, абыройлы болудың қасиетін жақсы таныған, сезінген жансыз. Бұл өмірде не қалайтыныңызды, неге жету керектігін жақсы білесіз. Өте көңілді, жарқын жансыз. Болмысыңызға қайраттылық пен жігерлік те тән.