Интернет-трафикті ұрлауды болдырмас үшін Wi-Fi-роутеріне рұқсатсыз қосылуды уақытында анықтап, тиісті шараларды қолдану қажет. Ол үшін не істеу керек? Tengri Life-ке сарапшылар түсіндіріп берді.
Полициямен проблема болуы мүмкін бе?
Киберқауіпсіздік бойынша сарапшы Алексей Раевскийдің айтуынша, егер басқа біреу роутерді бұзған болса, ол интернетті ұрлап қана қоймай, заңсыз әрекеттерге де баруы мүмкін. Егер құқық қорғаушылар бұл әрекетті тоқтатуды шешсе, мекенжайды іздейді, алайда басқа адамды айыптауы мүмкін.
"Мысалы, алаяқтар сіздің IP мекенжайыңыздан интернетте фейктерді немесе қандай да бір тыйым салынған мазмұндағы нәрселерді таратуы, экстремистік әрекеттерге шақыруы мүмкін. Бұларды сіз жасамағаныңызды дәлелдей аласыз, бірақ мұндай процедуралар көп уақыт пен жүйкені алады", - дейді ол.
Сіздің Wi-Fi-роутерге басқалар қосылып отырғанын қалай білуге болады?
Сарапшы Вячеслав Бурхайло сіздің Wi-Fi-роутеріңізге басқа біреудің қосылып отырғанын интернет жылдамдығының өзгеруінен байқауға болатынын айтты. Мысалы, егер бұрын роутерге қосылған теледидардан фильмдерді HD сапасында көрген болсаңыз және ешқандай проблемалар болмаған болса, ал кейін кенеттен сурет баяулай бастады немесе фильмдер нашар жүктеліп, баяу ашыла бастады. Бұл сіздің роутерге басқа да құрылғылар қосылғанын білдіруі мүмкін.
"Желіде құрылғылар неғұрлым көп болса, олардың әрқайсысында интернет жылдамдығы соғұрлым төмен болады. Ал егер құрылғы алыс жерде, мысалы, бетон қабырғалардың, темір есіктердің ар жағында болса, роутер оған "жетуге" тырысады және сенімді байланыспен қамтамасыз еткісі келеді", - дейді ол Sputnik радиосына берген сұхбатында.
Вячеслав Бурхайлоның айтуынша, Сіздің интернет-трафикті көршілер қолданатынын Wi-Fi-роутердің баптауы (настройки) бойынша тексеруге болады. Ең жақсы әдіс - роутердің веб-интерфейсін көру.
"Ол үшін браузерде құрылғының IP-мекенжайына кіру керек. Оны құрылғының төменгі бөлігіндегі зауыттық жапсырмасынан табуға болады. Сол жерде кіруге арналған логин мен құпиясөз көрсетілген. Ары қарай "қосылған құрылғылар" немесе "Wi-Fi-клиенттері" бөлімінен құрылғылар санын тексеру керек. Сондай-ақ заманауи роутердің әдетте смартфонға арналған қосымшасы болады, сол жерде қосылған құрылғылар көрсетіледі: теледидар, смартфон, планшет және т.б. Бұл тізімді сіздің гаджеттер санымен салыстыруға болады", - деп жалғастырды ол.
Құпиясөзді қиындатыңыз
Сіздің Wi-Fi-сигналға басқалардың қосылуын бұғаттау үшін роутерге күрделі құпиясөз орнату керек. Оны қосымша арқылы немесе роутердің веб-интерфейсі арқылы өзгертуге болады.
"Бұл ұрлықшылардың жолын кеседі. 80% жағдайда құпиясөздер өте қарапайым. Бұл ыңғайлы болғанымен, қауіпсіз емес: арнайы бағдарламалар оны жылдам тауып алады. Сол үшін ол күрделі болуы керек және ол жоғары және төменгі тіркелімдегі әріптерден, сандардан, символдардан тұруы керек. Бұл маңызды. Ұмытып қалмас үшін қағазға жазып қойыңыз", - деді ол.