Балалық бәріміздің де басымыздан өтті. «Іштен ақылды болып тудым» деп ешкім де айта алмас. Білместік, әуестік, ақылсыздық бізге де талай қателік жасатып, үлкендерді сан мәрте ренжіттік. Себебі, балаға қателесу тән. Ал, баланың сол көп қателіктерін ата-ана қандай жолмен түзей алады? Бала тәрбиесінің мамандары бұл ретте не айтады? Төменде осы тақырыптағы шағын кеңестерді көкейге түйе жүрелік.
Әке-шешенің балаға «менің айтқанымды ғана істе, істегенімді істеме» деуі ең үлкен қателік болып табылады екен. Мәселен, біреуге дауыс көтеру, орынсыз ашулану, ренжітерлік сөз айтудың дұрыс еместігін, ішімдік, темекінің өте зиян екендігін балаға үнемі айтқан ата-ана өздері сол теріс әдеттерден арылмаған болса нәтижесі қандай болмақ? Үлгі тұтқан үлкендердің сөзі мен ісінен алшақтық көріп өскен баланың бойында ең алдымен оларға деген құрмет азаяды екен. Содан соң ішкі сенімі кемиді. Ал, ең жаманы «Өскенде маған да осы қылықтарды жасауға болады екен» деген ой қалыптасатын көрінеді.
Сондықтан әке-шешенің үлгілі адамдар болуы бала тәрбиесі үшін басты мәселе. Баланың осы уақыттарда барлық істі тікелей сезім арқылы қабылдайтын болғандықтан онымен жағымды немесе жағымсыз сезімдерді жеткізетін сөздер арқылы қарым-қатынас жасаған жөн. Әсіресе, бірге ойнаған балалармен татулыққа бастайтын сөздер мен әдеттерді мейілінше көп үйрету, айналасына әділетті, мейірімді болуға дағдыландыру қажет. Соның ішінде достарының жақсы жақтарын танып-білуге, жақсы қылықтарын айта білуге әдеттенсе құба-құп.
Ал, қателікке келсек, баланың қателік жасауы өте орынды. Бала қателіктерді көп жасай жүріп оны болдырмауға машықтанады. Сол өзі түсініп-біліп түзеткен қателіктерін де, үйренгендерін де есінде жақсы сақтайды. Мысалды алыстан іздемей, өз бойыңыздан-ақ табасыз. Сондықтан қателік жасаған баланының жер-жебіріне жетіп ұрысқаннан гөрі, оған мейіріммен қарап, адамдардың бәрі қателік жасайтынын, тек осы кеткен қателіктен өмірлік сабақ алу қажеттігін түсіндірген тиімдірек. Бала өз қателіктері үшін кешірім сұрай білуді әдетке айналдырсын. Сәл бір жаңсақ қылығы үшін баланы ұрып-соғып жасытып жіберу бала тәрбиесінде жиі кездесетін үлкен кемшілік. Сол себепті, балаңыз жасаған қателіктерге кешіріммен қарауға тырысыңыз. Бала қателіктерін түзеу үшін ата-анаға ең қажеттісі сабырлылық екен.
Авторы: Төлеген Жәкітайұлы
Дереккөз: namys.kz