- Негізгі бет
- Жаднама
- Қарлыған деген не...
Қарлыған деген не және оның пайдасы
Қарлығанның (крыжовник) шыққан жері Батыс Еуропа және Солтүстік Африка саналады. «Жабайы» қарлыған Кавказ, Орта Азия, Орта және Оңтүстік Еуропада кең тараған.
Қазіргі кезде қарлығанның түрлері көп. Қарлығанның басқа да атаулары кездеседі: Африкалық, Бауырсақ (Колобок), Малахит, Солтүстік Капитан, Сириус және т.б. Оның әрқайсысы басқаларынан өзіндік ерекшелігімен (суыққа төзімділігімен, жылдам өсуіне немесе өлшеміне байланысты) ажыратылады. Киви — қытай қарлығанын сыпайыландырған жеміс.
Қарлығанның түрлерінен басқа оның «туысқандары» болады. Мысалы, қарақат қарлыған тұқымдастығына жатады. Қарақат пен қарлығанды будандастыру арқылы йошта атты жидек алынған.
Бақша жидектерінің арасында қарлыған ең өнімдісі болып табылады, себебі ол 10 немесе одан көп жыл жеміс береді. Егер жақсы күтім жасасаңыз, бұтақтан 30 килограмға дейін жидек жинауға болады.
Қарлығанды оны қолдану мақсатына байланысты әр түрлі пісу этапында жинауға болады. Тосап дайындау үшін қарлығанды әлі толықтай пісе қоймаған кезде жинаған дұрыс. Егер балғын күйінде жегіңіз келсе, толықтай піскенін күткен жөн.
Қарлығанның құнарлылығы — 100 гр жидек 44 калориядан құралады.
Қарлығанның пайдалы қасиеттері және қарсы көрсетілім
Қарлыған В (В1, В2, В6, В9) тобының дәрумендеріне, А, С, Е, РР дәрумендеріне, сонымен қоса микро және макроэлементтерге (темір, йод, калий, кальций, магний, марганец, мыс, натрий, күкірт, фосфор, фтор) бай.
Ол ағзаны әлдендіретін, ісікке қарсы, несеп айдағыш, өт айдайтын, қан тоқтататын және сергітетін әсерге ие. Қарлығанды қаназдық, гипертония (қан қысымының артуы) және жүрек ауруларының алдын алуы ретінде қолданады.
Тамақ ісуін кетіру үшін қарлыған сусынын ішеді. Оны дайындау үшін қарлыған суын балмен 2:1 қатынаста араластырады.
Емдік мақсатта қарлығанның өзін ғана емес оның жапырақтарын да қолдануға болады. Қарлыған жапырақтарынан дайындалған қайнатпаны артрит (буын қабынуы), остеохондроз, семіздік және туберкулез кезінде пайдаланады.
Қарлығанда да қарсы көрсетілім бар. Егер асқазаныңыздың ойық жаралы ауруы бар болса немесе он екі елі ішегіңіз ауырса, қарлығанды қолданбаған жөн.
А. Жапатова