Қарбыз жейтін мезгіл де келіп қалды. Соған орай, бұл жемістің шығу тарихын, қандай түрлері барын, қай елде қалай желінетінін білуіңіз керек деп ойлаймыз.
Қарбыздың отаны ретінде Калахари шөлінің оңтүстік-африкалық бөлігі айтылады. Ал бұл жемісті адамдар үш мың жыл бұрын жей бастаған екен. Ең бірінші қарбыз өнімін 5 мың жыл бұрын египеттіктер алыпты. Ежелгі папирустардағы жазбаларда фараондар өлім құшқанда қарбызды олармен бірге сақтап қоятыны жайлы аңыздар кездеседі.
Соңғы кезде төртбұрышты қарбыздар жайлы ақпараттар көбейіп кетті. Бұл фотошоптың кереметі емес, жапон бағбандарының еңбегі. Қарбызды төртбұрышты қылу үшін сондай қалыптағы құтыға салып өсіреді. Қарбыз өсірудің жаңашыл әдісін тапқан фермерлер оны бұл қалыпта тасымалдауға, сатылымға қоюға ыңғайлы екенін және тоңазытқышта сақтауға оңай болатынын айтады. Оның үстіне мұндай қарбыз кәдуілгі қарбыздан қымбат тұрады – шамамен 200 АҚШ доллары. Қарбыз түріне қатысты бұл жалғыз дерек емес, дэнсукэ деп аталатын тағы бір қара қарбызды өсірген селекционерлер жапондық аукционда оны 3 мың АҚШ долларына сатқан болатын.
Жапондықтарға келісті жауабын Киев қаласындағы молекулярлық биология институты мамандары берді. Олар қарбыз бен асқабақты будандастырып, кавбуз деп аталатын жеміс ойлап тапты. Қарбыз секілді тәтті болмаса да, пайдасы бір кем соқпайды екен.
Ал Испанияның Ла-Нава елді мекенінде Қарбыз фестивалі бар. Соңғы рет ұйымдастырылған фестивальде 400-ге жуық қарбыздан 2,5 мың литр сусын ішіліпті.
Өте дәмді жемістің шығуын қыркүйек айында қытайлықтар да мерекелеуді әдетке айналдырған. Мерекенің басты тағамы – қуырылған қарбыз! Бұл шарада қарбыз көрмесі, қарбыз жеп тауысу сайысы, қарбызбен атысу ойындары және тағы да басқа қызықты жарыстар болады.
Қарбыз күнін тойлаудан америкалық штаттар да кенде емес. Флорида, Техас, Калифорния, Джорджия, Аризона штаттарында бұл жеміс ерекше көп піседі екен. Ал оңтүстік Каролинадағы 3000-ға жуық қана тұрғыны бар Пажленд қалашығы әлемнің қарбызды астанасы болу үшін күресіп жатыр. Мұнда 1951 жылдан бастап дәстүрлі түрде қарбыз фестивалі өтіп келеді. Фестиваль барысында қатысушылар қарбыз дәнін ауызбен қаншалықты қашықтыққа түкіре алатындығын және 1,5 минутта қанша қарбыз жеп тауысатындықтарын байқап сынасады. Балалардың қарбыз тематикасына байланысты киімдерінің байқауы да міндеті шараның бірі болып саналады.
Денсаулығын күтетіндер қарбыздың ең қауіпсіз жеміс екенін білетін болуы керек. Десе де оны сатып алар алдында оның іші-сыртына аса назар аударып таңдау керек. Зерттеуді өз үйіңізде-ақ жасай аласыз. Қарбыздың химиялық қоспа арқылы піспегенін байқау үшін оны кесіп алып, су толтырылған кесеге салыңыз. Бір сағат көлемінде су бұлдыр болса жей беруіңізге әбден болады. Ал егер су түсі қызыл күрең болса оны жеуге асықпаңыз, себебі жемісті химия қосып өсірген.
Әрбір елде қарбызды жеудің өзіндік мәнері бар. Мәселен израильдіктер мен египеттіктер қарбызды тұзбен, фет деп аталатын грек ірімшігімен қосып жейді. Ал америкалықтар қарбыздан гамбургер жасайды екен: алдымен қарбызды ірімшік тілімдеріне салып қуырып, кейін қамырға салып жейді. АҚШ-тағы қарбыз туралы тағы бір қызық айта кетейік, онда сатылатын қарбыздың 80%-ы дәнсіз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: russian7.ru, terra-z.ru