Кірістер мен шығындарды жүйелеу әруақытта бірдей оңайға соға қоймайды. Ақшаны «далаға шашпаудың» бірнеше әдісін ұсынамыз.
Отбасылық және жеке бюджет кірістер мен шығындар құрылымынан тұрады. Бұл құрылым адамның айына қанша қаражат табатыны және жұмсайтыны жайлы түсінік береді. Көпшілік адам айына қанша қаражат табатынын бірден айта алғанымен, шығынға келгенде ақшаның қайда кеткенін өзі де түсінбейді. Шығындар міндетті және міндетті емес деп екіге бөлінеді. Міндетті шығындарға коммуналды қызметтер, азық-түлік, үйірмелер, бензин және спортпен айналысуды жатқызсақ, міндетті емес шығындар деп әр сайын қайталанбайтын, бірақ аяқ астынан керек болып қалатын заттарды (дәрі, киім және т.б) айтады.
Кірістер мен шығындарды жазып жүру ұзақмерзімді мақсаттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, көп бөлмелі үй алғыңыз келуі мүмкін. Ол үшін жоспар құрып, бюджеттік күнделік бастау керек. Бір айға қойылған жоспар бұзылмау керек.
Бюджетті жазып жүрудің қандай пайдасы бар? Күнделікке қарап шығындарды зерттей аласыз: қайсысына көп шығын кетіп тұрғанын, қайсысын азайтса болатынын көре аласыз. Көбірек ақша табудың жолдарын ойлай бастайсыз.
Қаражатты тиімді жұмсауға көмектесетін екі әдісті ұсынамыз:
4 конверт әдісі. Бұл әдістің басты артықшылығы — әр шығынды жазып отырудың қажеті жоқ. Бұл әдіс бойынша, алдымен табысыңыздың 10%-ын жинаққа алып қойыңыз. Қалған сомадан барлық тұрақты төлемдеріңізді шегеріңіз. Содан соң қалған қаражатты 4 аптаға (1 ай) тең бөліп, 4 конвертке салып қойыңыз. Негізгі ереже — өзіңізге бір аптаға алып қойған ақшаны жеткізіп, келесі конвертті ашып қоймау.
50/30/20 әдісі. Барлық кірісті мына категориялар бойынша бөліңіз: 50% міндетті шығындарға (тамақ, коммуналды төлемдер және басқа да шығындар), 30% демалуға (кафе, кино және т.б шығындар) және 20% жинаққа қалдырыңыз.