Қазақстанда қазір қар қалың жауып жатыр. Оңтүстік пен орталық және шығыс өңірлерде қар жауу жиіледі. Жауын-шашын көлік қатынасына кедергі келтіретіні белгілі. Әсіресе, жүргізушілерге көп күш түседі.
Жол көрінбейді, жол белгісі де көрінбей қалады. Қосжолақты, жай жолақты байқамай кесіп кететін жағдайлар болады. Бұған автожүргізуші жауапты ма, полиция бұған айыппұл сала ала ма?
Бұл сауалға Қарағанды ПД ЖПБ Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Әсет Сәрсембаев былай деп жауап берген екен.
Инспектордың айтуынша, жол белгісінің кейде баламалы түрлері болады. Мәселен елдімекен мен қаладан тыс жатқан жолда қосжалақтың белгісі ретінде "Басып озуға тыйым салынған", қалада "Стоп-желі" сынды дубликат жол белгілері тұрады. Қосжолақты қар басып қалған кезде, жүргізушілер осыған қарауы тиіс.
"Дубликат жол белгілері бола тұра жолақты кесіп өткен жүргізушіге айыппұл салынады. Сызылған жолақты қар басып қалса да. Бұған 3 АЕК есебінде айыппұл салынады. Ал егер жолақты қар басып қалып әрі оны көрсететін қосымша жол белгісі болмаса, ондайда айыппұл салынбайды", - деп түсіндірді Әсет Сәрсембаев.
Егер қар жауып тұрғанда коммуналды қызмет жолды тазалап, сызылған жолақты көрінетіндей етіп кетсе, жүргізуші міндетті түрде белгіге қарауы тиіс.