- Негізгі бет
- Жаднама
- Қандай әдеттерден қашық...
Қандай әдеттерден қашық болу керек?
"Өмір өз дегенін істемей қоймайды" деген сөз бәріміздің санамызға сіңіп кеткенін жасыра алмаймыз. Алайда, әр адам – өз өмірінің суретшісі. Егер тек сұр түстерді пайдалана берсе, онда оның өмірі де дәл сондай күңгірт болмақ. Өміріңізді сан түрлі ету үшін барлық бояуды қолдану керек. Кейде бізге табысқа жету жолында бойымыздағы мына 5 әдет кедергі болады. Бұл қандай әдеттер? Назар сала отырайық!
1. Барлығына ұнауға тырысу
Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Тіпті сізді бәрі жақсы көретіндей көрінгенмен, сол көптің ішінде жақтырмайтындар табылады. Сіз ештеңе істемесеңіз де біреулерге ұнамайсыз. Оған бола өзіңізді жазғырудың қажеті шамалы. Алған бетіңізден қайтпаңыз!
2. Қателесуден қорқу
Білесіз бе, қателік жасаған адамды марапаттау керек. Күлкілі шығар. Керісінше, қателік жасамаған адамнан қорқыңыз. Миллиардтаған адамның барлығы қателік жасайды. Табыскер адамдар да бірнеше мәрте қателікке ұрынған. Әрине, бұл қателік жасай беру деген сөз емес. Әр қателік – тәжірибе. Одан сабақ алу маңызды.
3. Өз пікіріңіз мен сезіміңізді іште сақтау
Адамның бірнеше түрі бар. Кейбір жандар өз сезімі мен пікірін ішінде ұстауды жөн көреді. Бірақ, бұл типтегі адам болсаңыз, жетістікке жетуіңіз екіталай. Мейлінше, ашық болыңыз. Айналаңыздағы достарыңызға, жақындарыңызға өз ойыңызды ашық жеткізіңіз. Кейде айтылмай қалған сөз үшін кейін өкінетін сәттер болады. Өкінбес үшін дер кезінде айтыңыз. Егер сұрамасаңыз, ойыңызды білдірмесеңіз, сіздің ішіңізде не жатқанын ешкім білмейді.
4. Ағыспен жүзу және кедергісі аз жолды таңдау
Үнемі бір нәрсені істеу адамды жалықтырады. Бір жыл уақытыңыз бір нәрсені істеумен өтсе, онда сізге өзгеріс керек. Бір бағытпен жүргенде даму болмайды. Ылғи бір тамақты жесеңіз, жалығасыз ғой. Бұл да сол секілді дүние. Басқа жақтарға да бұрылыс жасап, жүру бағытыңызды өзгертіңіз. Бәлкім, ол жақта сіз білмейтін, сізге мүлдем бейтаныс әлем бар шығар. Кедергісі аз жолдың жемісі уақытша. Оңай жерде нан жоқ. Жетістіктің бәрі кедергілердің ар жағында тұрады. "Ауырдың астымен, жеңілдік үстімен" жүруді ойлау – бос әрешілік.
5. Жауапкершіліктен қашу
Жауапкершіліктен қашқан адам ұзаққа бара алмайды. Біздің әр ісіміз жауапкершілікке негізделуі тиіс. Бойында мұндай қасиеті жоқ жандарға ешкім сенім артпайды. Сенім жоқ жерде қарым-қатынас, жақындық болмайды.
Ж. Жұмағұлов