Кешке жұмыстан үйге қайтып келе жатқанда, бірнеше шақырымға созылатын кептелісте тұрып қалу – көпшілікке таныс жағдай. Егер сіз бірнеше миллион халқы бар қалада тұрсаңыз кептелістің не екенін нақты білесіз.
Кейбір адамдар алдын ала дайындалып, айналма жолдармен жүруге тырысады, кептелісте фильмдер көреді немесе смартфон қарайды.
Жолда қанша сағат жүрсеңіз, соғұрлым танымдық қабілеттер зардап шегеді. Колумбия университеті мен Виктория университетінің бір топ зерттеушілері осындай қорытынды жасады. Оған көлікте отырғанда жұтатын жанармай түтіні кінәлі.
Экспериментке 25 ересек ерікті қатысқан. Зерттеу барысында ғалымдар қатысушылардың ми белсенділігін өлшеу үшін арнайы құралдарды пайдаланды. Есте сақтау және ақыл-ой қабілеттеріне жауап беретін салаларға ерекше назар аударылды. Ғалымдар адам кептелісте ұзақ тұрған сайын мидың белгілі бір аймақтары белсендірек әлсірейтінін анықтады.
"Кептелісте миға кері әсер ететінін көрдік. Әрине, қосымша зерттеулер қажет, бірақ біз пайдаланылған газдардың жүйкеге теріс әсер ететініне сенімдіміз. Кептелісте тұрып, түтін жұтудан тек өкпе ғана ауырмайды", - дейді дәрігер Джоди Гаврилюк.
Сонымен қатар, суықта біз көліктегі пешті барынша қосқанды ұнатамыз. Бұл әдеттен тезірек бас тарту керек дейді дәрігер.
Максималды қосулы пеш денсаулыққа байланысты әртүрлі мәселелерді тудыруы мүмкін, мысалы:
• шырышты қабықтың құрғауы,
• ринит,
• созылмалы өкпе ауруларының өршуі.
Сонымен қатар, көміртегі тотығымен улану, естен тану, бас айналу, есеңгіреуді тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, көліктегі ауа ыстық болған кезде терезелерді ашу ұсынылмайды, өйткені бұл қабынуға әкелуі мүмкін, мысалы, бет тамыры мен буындар зардап шегеді.
Көліктегі орындықтың қызып кетуі созылмалы ауруларды күшейтеді. Ерлерде бұл простата безінің қабынуы, ұрық безінің қызып кетуі, бедеулікке әкеледі. Егер жамбас аймағында ісіктер болса, онда бұл онкологияны тудыруы мүмкін.