Қағаздың пайда болуы дүниежүзіндегі ең үлкен жаңалық болып есептеледі.
Бәріміз де күнделікті өмірде қағаз өнімдерін пайдаланамыз. Алайда оның қашан, қалай пайда болғанын, кім ойлап тапқанын біле бермейміз.
Қағазды ойлап тапқан ел - Қытай. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Қытай мемлекеті бағзы замандардан-ақ кітап жазу шеберлігімен, басқару төрелігімен мықты болғандықтан, қажетті ақпаратты үнемі қағаз бетіне түсіріп отыруға міндетті болған. Қытай елінде қағаз пайда болмай тұрғанда олар ақпаратты бамбук ағашына, жібек маталарға жазатын болған. Бірақ бұл тиімсіз болатын, біріншіден жібек мата қымбат, ал бамбук таяқшасы ауыр. Сондықтан қытайлықтар жібек өндірген сияқты қағаз өндіру ісін де ойластыра бастады.
Елде бамбук ағашы көп өсетіндіктен қағазды да бамбук ағашынан дайындады. Бамбук ағашын жұқа шырпыға бөлшектеп, әкпен сулап, бірнеше күн бойы қайнатады. Дайын болған қоймалжың затты арнайы шұңқырда ұстап, мұқият араластырады, кілегей тәрізді зат пайда болғанша үстінен су қосып отырады. Осы тәрізді бірнеше өңдеу сатыларынан өткен соң ақыр соңында қатпарлы, жұқа парақтар пайда болады.
Қытайлар ұзақ ғасырлар бойы қағаз өндіру жолын құпия ұстап келгендіктен өзге мемлекеттер оны кеш меңгерді. 751 жылы Тянь Шань жерінде араб-қытай қақтығысында бірнеше қағаз өндіру шеберлері арабтардың тұтқынына түскен. Осы тұтқындардың арқасында арабтар қағаз өндіру кәсібін үйреніп алған.
Сурет: all.biz