- Негізгі бет
- Жаднама
- Жылқы атауларын білесіз...
Жылқы атауларын білесіз бе?
Жылқы десе, аузындағы асын тастаған қазақ жылқыны жыл бойы баптаған, ерекше ықыласпен баққан. Күнделікті тірліктің өзінде жылқы десе, бес жасар баладан бастап, елу жасар қартқа дейін құлағы елең ете қалады. Мұның бәрі бабалардан қалған қасиет. Жылқының үйіріне, барлық түріне ортақ атаулар бар. Назарларыңызға сол атауларын легін ұсынамыз.
Жылқының барлық түріне ортақ атаулар:
Тақымға басқан ат. Шаруаның, не жеке бір адамның жасынан күтіп, жеке иелігіне алып жүрген күш-көлігі.
Қырсау жылқы. Жүрмейтін шабан жылқы.
Кердең (керенау) жылқы. Жүргенде аяғын ширақ баспай, жай аттай басатын жылқыны айтады.
Барлыққан жылқы. Семіздей мініліп, қызыл май болуға аз-ақ қалған жылқы.
Жабық етті жылқы. Аса семіз емес, қара еті жоқ, қабырғасы жабық жылқы.
Берік жалды жылқы. Ортадан төмен жалы (жал майы) бар жылқы.
Тісеген (тісеу) жылқы (құнан, байтал, тай). Тісі түсіп, жаңадан пайда болған тістердің ішінде «ұры» тіс (басқа тістерден ұзын) шығып жайыла алмай, жүдеп жүрген жас жылқы.
Жалы мұздай (жалы доғадай) жылқы. Семіз, жалы тұтасқан жылқы.
Су жалды жылқы. Жалы қолға ұстауға келмейтін арық жылқы.
Сабылған жылқы. Ақ көбігі шығарыла шауып келген жылқы.
Соқтыққан жылқы. Аурудан немесе жеккіден әбден болдырған жылқы.
Көбең жылқы. Жаздай мініліп, күзде босатқан мініс жылқысы.
Тұлпар. Ең жүйрік ат. Қашса құтылып, қуса жететін асқан жүйрік жүрісті жылқы. «Тұлпар» деген атау сөз ауыз әдебиетінде жиі кездеседі.
Жел жетпес (оқ жетпес )жылқы. Тұлпардың ішіндегі ең жүйрігі.
Сәйгүлік ат. Бәйге бермейтін жүйрік жылқы.
Ер арқа жылқы. Жая жағы мен шоқтығы биік, арқасы ой келген жылқы.
Сиыр құйымшақ жылқы. Құйрықтың қыл түбіне дейін түзу арқалы келген жылқы.
Астау жонды жылқы. Жаяның екі жақ еті шығыңқы келген жылқы.
Тік жонды жылқы. Арқалығы мен жоны тұтасып келген жылқы.
Қақпақ жонды жылқы. Арқалық жоны тұтасып, қабырғаға түсіңкіреген, жаялы келген жылқы.
Ешкі бас жылқы. Басы ешкінің басына ұқсас келген жылқы.
Қой басты жылқы. Бас бітісі қой басына ұқсас боп келген жылқы.
Орақ басты жылқы. Кеңсірігі шығыңқы, дөңес (құс) тұмсықты келген жылқы.
Қамыс құлақ. Екі құлағы серектеніп біткен жылқы.
Қайшы құлақ жылқы. Жүргенде сүйрік біткен екі құлағын қайшылап жүретін жылқы.
Мәстек құлақ жылқы. Екі құлағы екі жақ жанына қарай қисая кеп біткен жылқы.
Сауран сойы. Сәйгүлік жылқының бір түрі.
Дербіт. Жуан денелі, аяқтары әлді, бойы зор, өзі күшті, құйрық-жалы қалың келген жылқы.
Дүлдүл. Тұлпар мағынасында қолданылады.
Бөстекі жылқы. Тез болдырғыш қара етті жылқы.
Маймақ жылқы. Аяғы қисық біткен жылқы.
Қоңды жылқы. Еттілеу келген, немесе бұлшық еттері қоңайған жылқы.
Тарпаң жылқы. Асау, үркек, жалт бергіш, тулағыш тарпығыш, тепкіш тістеуік келген жылқы.
Жүрісті жылқы. Аяғын жылдам алып, ширақ басатын жүрісті, ұшқыр жылқы.
Қызба (желік) жылқы. Жиын-тойларда, айғай шыққан уақыттарда алып ұшатын жылқы.
Қоңылтақ жылқы. Бойына ет алып дұрыс тойына алмайтын жылқы.
Қоңторғай жылқы. Өмірі бойына ет алып, тойынбайтын жылқы.
Қысыраған жылқы. Биелері іш тастап, өлім-жітімі көбірек болып жұтаңқырап қалған үйірдің жылқылары.
Шырсыз жылқы. Арық жылқы.
Қолау. (қолы түскен тай, құнан байталдарға қаратылып айтылады). Бұл атау мезгілі жетпей қатты мініс көріп ер батқандықтан қолы (алдыңғы аяғы) ауырған, қолы түскен (алдыңғы аяғын баса алмай қалған) деген ұғымды білдіреді.
Берік жалды (жалы берік), жабық жалды, өкпе жалды, су жалды, қара (ет) жалды. Жылқының арық, семіздігін жалынан ұстап білуге байланысты айтылған атаулар.
Көтерем жылқы. Етінен әбден арылып, жілік майынан айырылған, буынына сары су толып, әлі кетіп, орнынан тұра алмайтын, кісінің көмегі арқылы тұратын жылқының күйіне байланысты айтылатын атау.
Жайланған жылқы. Көп мініліп оңалмаған жылқы.
Қатпа жылқы. Сүйектері терісінің сыртынан арса-арса болып білініп тұратын қызылсыз, жөнді етеймеген жылқы.
Көк бақа жылқы. Жілігі татымайтын өте арық жылқы.
Зорыққан жылқы. Жүруге жарамай жолда қалған жылқы.