Жыландардың Жер шарына кең тараған (тек Антарктидада ғана кездеспейді), 3631 түрі белгілі. Олар 12 тұқымдасқа бірігеді. Ең көбі – сарыбас жыландар, олардың 1500-дей түрі бар. Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататын: соқырлар тұқымдасы (1 түрі), айдаhарлар тұқымдасы (2 түрі), сарыбас жыландартәрізділер (12 түрі), сұржыландар (2 түрі),бозша жыландардың (1 түрі) 18 түрі белгілі.
Жыландардың көпшілігі құрлықта, әдетте, қалың шөп өскен жерлерде, ағаш басында, шөлді аймақтарда, кейбір түрлері тұщы сулар мен теңіз-мұхиттарда тіршілік етеді. Қазақстанда оқ жылан, дала сұржыланы, сұржылан, боз жылан дейтін улы жыландар кездеседі.
© fishki.net
Жыланнан қалай қорғануға болады?
Табиғатқа шығу кезінде биік етік кию керек. Бұл өзіңізді жыланның тісінен қорғау үшін жеткілікті. Өйткені, жыландар биікке секіре алмайды және тістері қысқа болғандықтан резеңкеден өтпейді. Кездейсоқ шабуыл жасамас үшін, серуендеу кезінде таяқпен шөпті, бұта түбін түртіп жүрген дұрыс. Шуды естіген жылан қашып кетеді немесе таяққа шабуылдайды. Жалпы табиғатқа серуендеуге шыққанда таяқпен жүрген жақсы.
Жылан шаққанда не істеу керек?
Жыланның шағуы адамдар үшін қауіпті саналады, бірақ әрқашан өлімге әкелмейді. Ең алдымен, шаққан жер күйіп ауырады, жараның айналасында ісік пайда болады. Тістегеннен кейін 15-30 минуттан кейін кейбір адамдарда бас айналу, жүрек айну, құсу, диарея, қалтырау және басқа да интоксикация белгілері байқалады.
© iz.ru
Жылан шаққан жағдайда дереу ауруханаға бару немесе жедел жәрдем шақыру керек. Медициналық көмек көрсетер алдында адамды тыныштандырып, шаққан аяқ-қолын қозғалтпай қою маңызды. Бұл уланудың өмірлік маңызды мүшелерге тез таралмауы үшін қажет. Уды тістеген жерді сору туралы пікірлер әртүрлі - кейбіреулер бұл көмектеседі дейді, басқалары жылан шаққан адам үшін де, құтқарушы үшін де қауіпті деп санайды.
Жылан шаққан кездегі аса қиындық тудырмайтын алғашқы көмек көрсету ережесі мыналар:
• Жылан шаққан кезде, ең алдымен, жараның аузынан уды мүмкіндігінше тез соруға тырысыңыз, оны үнемі түкіріп отырыңыз. Мұны зардап шегушінің өзі немесе жанындағы адам жасай алады. Бірақ тіс құрттаған немесе ауыз қуысында жара болса бұлай істеуге болмайды;
• Уды жақсылап шығару үшін шаққан орынды кесуге де болмайды. Бұл инфекцияға, сіңірдің зақымдануына, мүгедектікке әкелуі мүмкін;
• Уды сорғаннан кейін, зардап шегушінің қозғалуын шектеу керек. Егер аяқты шаққан болса, оны бинттпен орап таңып қою керек, егер қолға зақым келтірсе, оны бүгілген күйде ұстаған жөн;
• Зардап шегушіге көп сұйықтық – су, шай, сорпа ішу ұсынылады;
• Жараны 1% - дық марганец қышқылды калий ерітіндісімен жуады;
• Аллергияға арналған 1-2 таблетканы, мысалы, "Супрастин" қабылдауға болады.
• Шағылған жерді күйдіру тиімсіз, себебі кейде жыланның улы тістерінің ұзындығы сантиметрден асады.
• Жылан шаққан адамға спирттік ішімдіктерді ішуге қатаң тыйым салынады. Ең бастысы, жыланның шағуынан кейін адамды емдеу мекемесіне мүмкіндігінше тезірек жеткізу қажет.