Жүзу адам баласына ерте заманнан-ақ мәлім болған. Қазба жұмыстары кезінде табылған адамдардың құлаштап және жамбастап, шалқалап малту тәсілімен жүзген бейнесі біздің заманымызға дейінгі 4 мыңжылдыққа саяды.
Суда жүзу адамның бұлшықеттерін, буын қимылын, қозғалыс координациясын жетілдіреді, сонымен қатар жүйке жүйесін реттеп, зат алмасуын, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйелерінің функциялық жұмысын жақсартады. Жүзумен үзбей, жүйелі түрде шұғылдану – ағзаны шынықтырып, оның физиологиялық жетілуіне ықпал жасайды.
Суға жүзумен шұғылдануды бала кезден бастаған жөн. Ал баланы қарапайым жүзуге 4-5 жастан бастап үйретуге болады. Денені суға үйрету – жүзудің бастапқы кезеңдері болып саналады. Бұл кезеңнің негізгі жаттығулары:
1. Таяз суда қолды ескекше сермей қимыл жасау, қозғалу;
2. Тізені бүгіп, денені суға түгел баспен қоса батыру және су астында көзді ашу;
3. Судың бетінде қалқып жату;
4. Судың бетінде сүңги сырғу;
5. Су астында сыртқа дем шығара білу;
6. Суға секіру;
Суда жүзу тәсілін таңдап алу жүзуге үйрету мақсатына, сондай-ақ үйренушінің ынтасына байланысты болады. Әдетте суға жүзудің тәсілдері төмендегі тәртіп бойынша игеріледі.
1. Дененің қалпы мен аяқтың қимылдауы;
2. Қолдың қозғалу қалпы;
3. Тыныс алу және оның қол қимылына сәйкес келуі;
4. Барлық қимыл-қозғалыс атаулының әрі тыныс алудың бір-бірімен сәйкес келуі;
5. Жүзу техникасын жетілдіру;
Суға жүзу тәсілін үйрену үшін қолданылатын жаттығулардың барлығы ең алдымен жерде, содан кейін суда біреудің сүйемелдеуімен және сүйемелсіз орындалады.
P.S Қазір қыс мезгілі болғандықтан, жүзу маусымы емес. Күн жылына сала суда жүзу маусымы басталары анық. "Қыс қамын жаз ойла" дегендей, керісінше жүзу маусымын қыста ойлап, жабық бассейндерге барып, жүзуге қамдана бергеніңіз де артық болмас. Бастысы жүзу – денсаулыққа пайдалы.