- Негізгі бет
- Жаднама
- Жұптың арасына жік...
Жұптың арасына жік салатын 15 себеп
Шынайы өмірдегі махаббат кітап пен кинодағыдай емес. Ол тек романтикалық кездесулерден ғана құралмайды. Бақытты отбасы – өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген еңбек. Алайда бәрін бүлдіру оп–оңай. Сонымен назарларыңызға жұбайлардың шырқын бұзатын 15 себепті ұсынып отырмыз.
1. Бірін–бірі өзгертуге ұмтылу
Мінсіз адам болмайды. Бірақ кісінің әдеттері мен мінез ерекшеліктерін шатастырмаған жөн. Адам бойында қанша кінәласаң да өзгермейтін нәрселер болады. Сондықтан әр жерге тасталған шұлық (әдет), бесінші рет жоғалған қолшатыр (ұмытшақтық) үшін жүйкеңізді тоздырмаңыз.
2. Ата–анамен қарым–қатынас
Егер жұбайыңыздың ата–анасымен жақсы қарым–қатынаста болсаңыз, тіптен жақсы. Алайда келінін не күйеу баласын өз баласындай жақсы көретін ата–ана сирек. Бұндай жағдайда олармен мүмкіндігінше жылы қарым–қатынаста болуға тырысыңыз. Өйткені қанша дегенмен үлкендерді құрметтейтін халықпыз ғой.
3. Қалта телефоны
Техника дамыған қазіргі заманда ғаламтор мен қалтафон адамдардың қарым–қатынасын салқындатып отыр. Жұбайымызбен шүйіркелесетін уақытты біз ғаламторда отырып, телефонмен сөйлесумен, SMS жолдаумен өткіземіз. Алайда, жан жарыңыздан қымбат ешкімнің жоқ екендігін ұмытпағайсыз.
4. Жұрттың көзінше ұрысып, кінә тағу
Қоғамдық орындарда, көпшіліктің көзінше ешқашан ұрысушы болмаңыздар. Бұл – сіздердің жеке шаруаларыңыз. Сондықтан екеуара туындаған мәселені екеуіңіз жеке қалғанда ғана шешіңіз.
5. Үнсіздік
Ешкім сіздің ойыңызды оқи алмайды. Тіпті сүйетін адамыңыз да. Қандайда бір түйткіл бар ма ? Бір нәрсе ұнамай ма? Айтыңыз. Жақсы да, жаман да эмоцияны сыртқа шығару – психологиялық саулық кепілі.
6. Қызғаныш
Бірі: “қызғаныш – махабаттың белгісі” десе, бірі: “бұл менмендік – және сүйген адамыңды сыйламау” дейді. Не десек те, қызғаныш сезімінен еркек те, әйел де зардап шегеді: бірінің күдіктен іші күйсе, екіншісі өзіне деген сенімнің жоқтығынан қиналады. Бұны қалай жеңбекпіз? Жай ғана адал болыңыз. Қызғаныш тудыратын жағдайлардан аулақ жүріңіз, өзіңіз де қызғанбаңыз.
7. 24 сағат бойы бірге болу
Адам психологиялық–физиологиялық тұрғыда ара–тұра жалғыздықты қажет етеді. Жұбайыңызбен жабысып қалмаңыз. Керісінше қаншалықты аз көріссеңіздер, кездесулер соншалықты ыстық болмақ.
8. Өтірік айту
Өтірік су секілді ең мықты деген үйдің іргесін шірітіп, шайқалтуы мүмкін.
9. Мақсаттар
Әрі қарай не болмақ? Біздің қарым – қатынасымыз неге алып келеді? Жұбайыңыздың мақсаттары сіздің мақсаттарыңызға сай ма, соны нақты білуіңіз керек. Егер әлі отбасын құрмаған болсаңыздар және жұбыңыз оны ойлап та жүрмесе, онымен қатынасты доғарудан қорықпаңыз.
10. Махаббатты бағаламау
Махаббатты өзінен–өзі беріле салатын нәрсе деп қабылдамаңыз. Ол – тағдырдың сыйы. Жаныңыздағы адамға сізге деген сезімдері үшін ризашылық білдіріңіз.
11. Кешіру
Қателеспейтін адам болмайды. Сіздің де қалт кететін сәттеріңіз болады. Сүйген адамыңызды кешіре біліңіз. Ренішті іште сақтамаңыз, жинамаңыз. Бұл салқын қарым–қатынасты оңалтады әрі күйзелістен сақтайды. Психологтар өкпе–реніштің адам денсаулығына кері әсер ететіндігін дәлелдеген.
12. Салыстыру
“Ескі махаббаттарыңызды” ұмытыңыз. Олар өткен өміріңізде қалды. Қазір басқа адамды сүйесіз. Оны үнемі бұрынғы ғашықтарыңызбен салыстыра берсеңіз, қарым–қатынастарыңыздың быт–шыты шығуы ғажап емес.
13. Қаражат
Отбасы қаражатына ерлі–зайыптылардың екеуінің де үлес қосқаны жөн. Ұсақ -түйекке шүйлікпей, негізгі нәрселерді алдын ала келісіп алыңыз: азық–түлікті кім алады, пәтерақыны кім төлейді т.б.
14. Шамадан тыс сабырлылық
Үйленген жұптардың көбі уақыт өте келе толысып кететінін байқадыңыз ба? Қарым–қатынастың байыптылығы мен үйлесімділігі жақсы, әрине. Бірақ бұл өз–өзіңізді күтуді доғару деген сөз емес. Жұбайыңыздың сізді үнемі ұнатқанын қалайсыз ба? Онда сымбатыңыз бен сұлулығыңызды сақтаңыз, дене шынықтырумен шұғылданыңыз. Шашыңыз бен бет-әлпетіңізді күтіңіз.
15. Жанжал
Өз ренішіңізді жұбайыңыздан жоғары қоймаңыз. Шешілмейтін мәселе жоқ. Бір–біріңізге тіл тигізбеңіз. Түсінісіп, ортақ шешімге келуге әрқашан мүмкіндік бар.
Сурет: kalaisyn.kz
Ж. Исакаев