Жұмыс іздеп жүрсіз. Бірнеше жерге түйіндеме жіберіп қойдыңыз. Жұмысқа шақырушы ойламаған жерден қоңырау шалды. Өзіңізді қалай ұстайсыз?
Бейтаныс нөмірден қоңырау келді, жұмысқа қабылдаушы екенін ұқтыңыз. Бітті. Жұмысқа қабылдар алдындағы әңгімелесу басталып кетті деп қабылдаңыз. Ең алдымен тыныш жерге барыңыз. Даусыңызды жұмсартып, жүзіңізді жылытып, барынша жағымды сөйлесіңіз. Күліп тұрғаныңызды көрмесе де, дауыстан аңғарады. Осы жұмысқа түйіндеме жіберудегі мақсатыңызды, не себепті дәл сол жұмысты қалайтыныңызды айтуға дайын болыңыз. Әңгімелесу кезеңіне шақырған уақытын бірден мақұлдаңыз. Әтпесе сізден өзге үміткер көп.
Өз салаңызға қатысты ең атақты не ең соңғы шыққан кітапты тауып оқуға тырысыңыз.
Қазір әр компанияның жеке сайты бар. Әңгімелесуге баратын жұмыс орнының сайтын тауып, ол туралы барлық ақпаратқа қанығыңыз. «Біз туралы не білесіз?» деген сұраққа жауап бере алмау – ұят.
Әлеуметтік желілерге кіріп, парақшаңызда басы артық нәрселерді өшіріңіз. Қазіргі кезде әркімнің әлеуметтік парақшасы –айнасы секілді. Жазған посттары, бөліскен ақпараттары өмірге көзқарасын танытады. Сондықтан да жұмыс беруші алдымен сіздің әлеуметтік желілеріңізге бас сұғады.
Компанияға айтар ұсынысыңыз, қосар ойыңыз, іс алға басуына арналған тың идеяңыз болса, дайындай барыңыз. Жаңа жұмысшы жаңалығымен келгенін жақсы көрмейтін басшы болмас.
Жұмыс берушінің орнында өзіңіз болсаңыз, өзіңізді жұмысқа қабылдар ма едіңіз? Артықшылығыңыз бен кемшілігіңізді жіпке тізіп, сұрағанда жасырмай айта алатындай болыңыз. Өз қателігін мойындай білу де өнер екенін естен шығармаңыз.
Психологиялық тұрғыда біраз дайындалдық. Енді сырт келбетке көңіл бөлейік. Киіміне қарап қарсы алып, біліміне қарап шығарып салатын заманда сыртқы имимджіңіз өте маңызды орында тұрады.
Мұнтаздай таза болып, ыңғайлы, жинақы киім киіңіз. Костюм және жылтыраған таза аяқ киім әңгімелесу кезеңіне сәттілік әкеледі. Ер адам міндетті түрде галстук таққаны дұрыс. Қыз бала шашын жоғарыға жинағаны абзал.
Шақырған уақыттан 30 минут ерте келіңіз. Кешігіп келудің алдын аласыз. Кеңсеге бой үйретіп, ұсынса шай, кофе ішіп, су ішіп аптыңызды басасыз. Қобалжу сезімімен күресесіз.
Ұялы телефонды өшіріп қойыңыз. Дәл сол сәтте сізде әңгімелесу кезеңінен өтуден артық маңызды іс болмауы керек. Ең маңызды сәтте телефонға келген қоңырау абырой әкелмейді.
Өзіңізді барынша көңілді ұстаңыз, позитив болыңыз. Алдыңғы жұмысыңызды, бастығыңызды жамандаудан, ол туралы шағым айтудан аулақ болыңыз.
Күлімдеңіз, күлімдеңіз, тағы да күлімдеңіз. Сонда болашақ жұмысыңыз да сізге күліп қарайды. Тек шынайы жымиыңыз. Сәттілік!