Адамдар екі топқа бөлінеді: оятқышқа бірден оянатындар мен «кейінге қалдыру» батырмасын басып жата беретіндер. Алайда ұйқыдан қай уақытта тұрғанына қарамастан, жұмысқа жиналып үлгермейтін адамдар бар. Таңертең жұмысқа жиналу процесі көп уақытты алмас үшін төмендегі кеңестерге көз жүгіртіңіз.
Киімдерді ұйықтар алдында дайындап қойыңыз
Ұйықтар алдында таңертең жұмысқа қандай киім киетініңізді таңдап, оны үтіктеп қойған жөн. Алайда түрлі жағдай болады. Егер киім дайындап қоймаған болсаңыз, таңертең жұмысқа жиналуға көп уақыт кетпес үшін қыртысталмайтын киімдерді таңдаңыз. Мысалы, қазіргі ауа райына жүннен жасалған жемпірлер немесе водолазкалар үтіктеуді қажет етпейді. Мүмкіндік болса, барлық шалбар, белдемше және жейделерде бір демалысыңызда үтіктеп, ілгішке іліп қойған дұрыс. Ал қалған киімдеріңізді КонМари әдісі бойынша орап жинаңыз, сол кезде киімге қатты қыртыс түспейді.
Лимон салынған су ішіңіз
Оятқышты сөндіріп, ары қарай ұйықтап кететін адамдар қатарына жатсаңыз, төсегіңіздің қасына лимон салынған су қалдырыңыз. Оятқыш дыбысын естіген бойда суды ішіп алыңыз: ол ағзаны оятуға көмектеседі.
Қолыңызға ұялы телефонды алмаңыз
Жұмысқа толықтай жиналып болғанша ұялы телефонды ұстамаңыз. Көпшілік адам оянған соң алдымен әлеуметтік желілерге кіріп, соңғы жаңалықтарды қарап болған соң ғана төсектен тұрады. Ал бұл әдет сіз ойлағаннан да көп уақытты алады.
Шаш үлгісіне қажетті заттар алып қойыңыз
Әдетте, таңертең шаш жууға, оны реттеуге көп уақыт кетеді. Сондықтан құрғақ сусабын сатып алып қойыңыз. Оны өте жиі қолдануға болмайды. Бірақ қатты асыққан күндері шашыңызды жылдам қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ қол астында қажетті аксессуарлардың болғаны жөн. Мысалы, асыққан кезде шашыңызға әдемі ободок тағып алсаңыз, шаш үлгісі бірден басқаша көрінеді.
Таңғы асты алдын ала ойластырып қойыңыз
Міндетті түрде таңғы ас ішуді әдетке айналдырыңыз. Себебі ол денсаулыққа пайдалы және күні бойы қуатты жүруіңізге көмектеседі. Сондықтан таңғы асты да алдын ала ойластырып қоюға болады. Мысалы, ұйықтар алдында сұлы жармасын айранға немесе йогуртқа салып қойып, таңертең оған тек жеміс-жидек турасаңыз болды. Сондай-ақ қарақұмықты түнде суға салып қоюға болады. Ол суды өзіне жақсы сіңіретінін білеміз. Ертеңгісін оған аздап май салып, микротолқынды пешке қыздырып алсаңыз, пайдалы әрі тойымды таңғы ас дайын болады.
Қажетті ұсақ-түйек заттарды бір орынға қойыңыз
Кілт, құлаққап, әмиян және т.б. қажетті заттарды үйге кірген кезде көрінетін бір орынға қоя беруді әдетке айналдырыңыз. Сол кезде ертеңгісін оларды үйдің ішінен іздеп жүрмейсіз.