Жұмыста ұйқы қысса не істейсіз? Әріптестеріңіз бен бастығыңызға көрсетпей ұйықтап аласыз ба, әлде қою кофе ішіп сергігенді жөн санайсыз ба? Ғалымдар ұйқы келген кезде көз шырымын алған дұрыс деп есептейді. Олардың айтуынша, жұмыс барысында бірер минут ұйықтау жұмыс өнімділігін жақсартады екен. Жұмыстағы ұйқы пайдалы болуы үшін бірнеше ережені есте сақтау керек. Ең бастысы, бұл туралы бастығыңыздың пікірін біліп алыңыз.
Тамақтандыңыз ба? Ұйықтаңыз
Күндізгі ұйқы көп адамға жолай бермейді. Калифорния университетінің ғалымдары «Түскі астан кейін ұйықтаған жөн»,-дейді. Олардың 2010 жылы жасаған зерттеулері бойынша, күндізгі ұйқы санадағы артық ойлардан арылтып, олардың орнына жаңа ақпараттарды қабылауға мүмкіндік береді. Бұл электронды поштаның механизмі сияқты: бума толып кетсе, жаңа хаттар келмей қалады.
Осыған байланысты The Traveling Photo Booth компаниясының негізін салушы Джейкоб Стюарт: «Біз қызметкерлерімізге ұйықтап алуылары үшін күн сайын 20 минут береміз. Бұл оларды шаршаудан, түгесілуден сақтайды»,-дейді. Джейкобтың өзі де түскі астан кейін ұйқыға арналған бөлемеде немесе өзінің кабинетінде көз шырымын алады.
Жайлырақ орналасыңыз
Ұйықтайтын жеріңізді дұрыс таңдаңыз. Сондықтан, кеңседе ұйқыға арналған бөлме болса, құба-құп. Ондай бөлме болмаса, өзіңіздің көлігіңізге, кітапханаға барып демалуға немесе арнайы бетперде киіп, құлағыңызды тығындап қоюға болады. Ал, бастықтарға өз бөлмесінде ұйықтауға да болады.
Ұйқы уақыты
Түскі ұйқыдан басыңыз ауырып, мең-зең болып тұрмау үшін, уақытын дұрыс есептеу керек. Зерттеулерге сүйенсек, 10-20 минуттық көз шырымын алу сергектік сыйлап, күш-қуатыңызды қалыпқа келтірсе, 30-60 минуттық ұйқы қалған жұмыс уақытында маңызды шешімдерді дұрыс қабылдауға көмектеседі. Ал, бір жарым сағаттық демалыс есте сақтау қабілетін күшейтеді.
Осы арада ұйқыға бөлінетін үзіліс уақытыңызды басшылармен ақылдасып, оның созылып кетпеуін қадағалау керек. Әйтпесе кейбір қызметкерлеріңіз түні бойы қыдырып келіп, күндіз жұмыста ұйықтауы мүмкін. Бұл жұмыс үдерісін бұзады.
Салқын бөлме іздеңіз
Адам ұйықтап жатқанда оның дене температурасы төмендейді. Сондықтан салқын бөлмеде демалған дұрыс. Ғалымдардың айтуынша, күндізгі ұйқы үшін ең тиімді температура 16–19 °C, алайда бұл көрсеткіш барлық адам үшін жарамды емес.
Ертерек қамданыңыз
Сергек оянуға кофе көмектеседі. Оны ұйықтар алдында ішіп алу керек. Әсіресе, 20 минуттық ұйқының алдында.
Кофеин дәл осы уақыт аралығында сіздің ағзаңызға әсер ете бастайды. Осылайша, бір шынаяқ кофе мен қысқа мерзімді ұйқы жұмыс уақытының аяғына дейін сергек жүруіңізге көмектеседі.
P.S: Қытайда күндізгі 15:00 – 16:00 аралығында барлық қызметкерлер демалады екен. Бұл туралы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Беласу» кітабында жазылған. Олардың жұмыс өнімділігінің құпиясы осында болса керек.
Дереккөз: szh.kz