Кейде әдетте істеп жүрген жұмысыңды орындауға күш таба алмайтын сәттер болады. Оған жұмыстар мен міндеттер одан сайын қосыла береді. Бұл жағдайдан шығу үшін энергетикалық тонус пен іскерлік ептілікті қайтару керек. Ол үшін не істеу керек және өнімділік неден түсіп кетуі мүмкін?
1. Үнемі ұялы телефонды тексеру
Көпшілік адамда ұялы телефонды жиі тексере беру әдеті пайда болады. Адам бұл әдетімен маңызды нәрсені, мысалы, қандай да бір хабарламаны көрмей қалуын сылтауратады. Алайда мұндай әдеттің негізгі себебі — алаңдау немесе уақытты созу. Сондықтан маңызды шаруаларды орындау кезінде ұялы телефонды сөндіріп тастаңыз немесе көзге көрінбейтін жерге қойыңыз. Сондай-ақ қосымшалар мен хаттар хабарламасын уақытша сөндіре тұрыңыз.
2. Өте көп жұмыс істеу
Мысалы, мойныңызда әлі аяқталмаған 2 жоба бар болса, тағы да біреуін алуға келісудің қажеті жоқ. Егер күнде таңертең ұйқыдан сағат 8-де тұруға үйренген болсаңыз, таңғы 6-ға йогаға жазылудың керегі жоқ. Көпшілік адам өзіне бірдеңені дәлелдеу үшін немесе «жоқ» дей алмайтыны үшін мойнына жауапкершілікті көбірек алады. Содан соң ештеңеге үлгермесе, күйзеліске ұшырайды. Соның кесірінен оның өнімділігі азаяды. Сондықтан қандай да бір іске келіспес бұрын орындау керек жұмыстар тізімін қарап алыңыз. Міндетіңізге кірмесе және уақытыңыз болмаса, кей ұсыныстарға «жоқ» деп айтып үйреніңіз.
3. Ұйқының қанбауы
Кей адамдарға (көбіне, экстраверттерге) күндіз аз уақыт ұйықтап алу шынымен де көмектеседі. Бірақ түнде шала ұйықтап, соның орнын күндіз толтыру мақсатында түстен кейін ұйықтап алғыңыз келсе, ол өнімділікті арттырмайды, керісінші, босаңсытып, маңызды істерді кейінге қалдыруға итермелейді.
Түнгі ұйқының адам ағзасы үшін маңызы зор. Сондықтан ерте жатып, ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Жұмыс істеп отқан кезде сәл демалып алу үшін диванға не креслоға жатудың қажеті жоқ. Оның орнына белсенді бірдеңе жасаңыз. Мысалы: көңілді ән тыңдау, су ішу, жаттығу жасау және т.б.
4. Жұмыс үстелін реттемеу
Бұл айналаңызда бір шаң болмау керек деген сөз емес. Өзіңізге арналған реттіліктің стандартын ойлап, соны сақтауға тырысыңыз: ол әр адам үшін әртүрлі болады. Жұмыс орныңыз шашылып тұрса, ол өнімділігіңіздің төмендеуіне ықпал етеді. Сол үшін күнде жұмыс басталарда немесе аяқталғанда 10 минут уақыт бөліп, айналаңызды ретке келтіріп қойыңыз. Жұмыс жасайтын жерде тамақ ішпеуге тырысыңыз. Артық заттарды салатын орын немесе оларды сақтайтын әдіс табыңыз.
5. Дұрыс тамақтанбау
Түрлі қатаң диеталар адамның энергиясы мен күшінің азаюына ықпал етеді. Сіздің метаболизмді сізден басқа ешкім жақсы білмейді. Табиғи ерекшелігіңізге мән беріңіз. Егер сүтті өнімнен ішіңіз кепсе, нан өнімдерінен ауырлық сезінсеңіз, ал қуырылған тамақтан соң ұйқыңыз келсе, тұжырым жасаңыз. Кеңсеге тамақты үйден дайындап әкеліңіз. Пайдалы тіскебасарлар (жемістер, жаңғақтар) жеңіз және көп су ішіңіз.
6. Өзіңізді басқалармен салыстыру
Өзіңізді басқамен салыстыра берсеңіз, күйзелістік жағдайға түсесіз. Соның себебінен жұмыс істеу өнімділігіңіз төмендеп кетеді. Өзіңізді басқамен салыстырып, өзіңізге көңіліңіз толмай жүрудің орнына біреудің жетістігінен мотивация алыңыз. Әлеуметтік желілерде басқалардың өмірін онлайн бақылауды қойыңыз, өзіңізге жаңа қызығушылықтар табыңыз және оқуды тоқтатпаңыз. Сіз үшін шын қуана алатын адамдармен көбірек араласыңыз.