- Негізгі бет
- Жаднама
- Жұлдыз жорамал: 6.06.2016-12.06.2016...
Жұлдыз жорамал: 6.06.2016-12.06.2016
Маусымның берекелі күні табыс әкелсін! Бұл апта көпке жемісті болсын!
Тоқты
Бұл аптада Тоқтыларды қаржы мәселесі қынжылтуы мүмкін. Дәл қазір сауда-саттықпен айналысатын мезгіл емес, сол үшін дүкен аралап, бағалы заттарды сатып алуға асықпаңыз. Электронды төлем картаңызға мұқият болыңыз, біреудің арбауына еріп, сан соғып қалмаңыз. Отбасы мүшелері арасындағы кикілжіңнен сақ болыңыз. Апта соңында достармен өткізетін сауық-кеш тұнжыраған көңіліңізді көтереді. Адамдармен тез әрі жақсы қарым-қатынас орната алатындығыңыздың арқасында жаңа достар табасыз. Әлі сүйіктісін кезіктірмеген Тоқтылар бұл аптада бір белгі алады, яғни, романтикаға ұласатын таныстық болуы мүмкін. Бұл таныстық кез келген жерден бастау алуы ғажап емес.
Торпақ
Торпақтар бұл аптада серіктестерімен сөзге келуі ықтимал. Серіктес – жұмыстағы әріптесіңіз не үйдегі жарыңыз болуы мүмкін. Бұл аптада жұмыс барысында жаңа әрі тың идеяларды қолға алып, ел назарын өзіңізге аударасыз. Жұбайыңызбен болған кикілжіңді сабырлылықпен жеңуге тырысыңыз, ашу үстінде айтылған сөздерді қайтарып ала алмайтыныңызды есте ұстаңыз. Сол себепті, жылы қабақ танытыңыз. Ашу сізді барлық жерде басқара алады, сол үшін онымен күресіңіз. Апта соңы естен кетпес саяхатпен не дүкен аралаумен өтуі мүмкін, бәрі өзіңізге байланысты.
Егіздер
Жұлдыздар Егіздерге бұл аптада кез келген адаммен ашық сөйлесуге кеңес береді. Өз кеңістігінен шықпайтын не оған ешкімді кіргізгісі келмейтін адамның жалғыздықтан құса болатыны сөзсіз. Сол себепті, ашық жарқын кейіппен барлық адаммен жылы сөйлесуге тырысыңыз. Дүйсенбіден жұма күніне дейін кей Егіздер шаршап, энергетикалық потенциалының әлсірегенін сезеді. Иммунитеттің әлсіреуінен жұмысқа деген құлшынысы төмендейді, тұмаудың алдын алған дұрыс. Мұның бәрін сейілтетін — апта соңында достармен не туыстармен бірге өткізген кеш. Өз-өзіңізге көңіл бөліңіз.
Шаян
Ғашық Шаяндар бұл аптада сүйгенімен сөзге келуі мүмкін. Сезімге селкеу түсірді деп, бірден кесіп-пішіп, байбалам салу артық. Жұлдыздар бұл кезекте мейлінше сабырлы болуға шақырады. Егер қарым-қатынасыңыз бұрынғыша сақталғанын қаласаңыз, артық әрекетке бармаңыз. Ұрыс-керіспен ештеңе шешілмейді. Ал апта соңында табиғат аясына шығып тынығыңыз, рухани күшіңізді арттыңыз, жаныңыз бен тәніңізді қатар шынықтырыңыз.
Арыстан
Арыстанда бұл аптада жұмыс барысында мәселе туындайды. Жұмыстан кешігу не басқа да себептермен басшылықтың көзіне жиі түсуі мүмкін. Сол кемшіліктерді бетіңізге баса берсе, жағдайды түсіндіріп көріңіз. Басшылыққа қарсы шығудың қажеті жоқ. Ал Арыстан жұлдызындағы жасөспірімдерде ата-анасымен келіспеушілік туындаса, олардың жасын құрметтеп, кешірім сұраған абзал. Аптаның соңында достарыңыз саяхатқа шақыруы ықтимал. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде ұзақ отыруыңыз мүмкін. Одан мейлінше бас тартқан дұрыс.
Бикеш
Бикештер бұл аптада айналадағы адамдарды түсінуі қиындайды. Сондықтан бұл апта жаңа адамдармен танысуға, саяхаттауға қолайлы емес. Кейбір адамдармен сөйлескенде, ашу шақырып, мінезіңізді танытып алуыңыз ғажап емес. Сол себепті, достармен, көршілермен, туған-туыстармен, таныстармен сөйлескенде сабырлы болуға тырысыңыз. Аптаның соңы салтанатты кешке не жарысқа қатысуға қолайлы уақыт. Сүйіктіңізбен қарым-қатынасыңыз нығая түседі.
Таразы
Таразы жұлдызындағы жандар бұл аптада қаржы мәселесінде таршылық көруі мүмкін. Табысқа жетемін деген құлшынысы екі есе шығынға ұшыратуы да ғажап емес. Сол себепті бұл аптада қаржы операцияларынан бас тартып, несие алу секілді тәуекелге бармаған абзал. Сонымен қатар, энергетикалық күш-қуатыңыз әлсіреуі мүмкін. Салыңыз суға кетпесін. Әр сәтсіздік артында бір құт тұратынын ұмытпаңыз. Тұнжыраған көңіл күйіңізді ғашығыңыз не отбасыңыз көтере алады. Жаныңызды түсінетін жандармен бірге болып, бас қосыңыз, олармен демалысқа шығыңыз. Бәрі – өз қолыңызда.
Сарышаян
Кей Сарышаяндар бұл аптада серіктесімен сөзге келуі мүмкін. Сіздің көңіліңізге тиетін сын айтылуы мүмкін, ал сіз ашуға берілмеңіз. Бұл айтылғандар сізді сынау үшін әдейі ұйымдастырылған деп ойлаңыз. Сол себепті, барынша сабырлы болыңыз. «Сабақты ине – сәтімен». Алаңдамаңыз, бәрі өткінші. Аптаның соңында өткенді ұмытып, тынығыңыз, санаңыздың дамылсыз жұмыс істеуі – денсаулығыңызға да кері әсерін тигізеді. Дене жаттығуын жиірек жасаңыз. Ағзаңызға көңіл бөліңіз.
Мерген
Мергендер апта басында денеге көп физикалық күш түсірмеуге тырысуы керек, керісінше денсаулығына көңіл бөлгені дұрыс. Иммунитеті әлсіреп, жұқпалы ауруларға тез шалдығуы мүмкін. Жұмысқа деген ниеті де бәсеңдейді. Мұның бәрін жою үшін өз-өзіне күтім жасау керек. Апта соңындағы демалысты ұмытылмастай өткізіп, табиғат аясында сергу керек. Жақындарыңыздан сый күтіңіз.
Тауешкі
Тауешкілер бұл аптада достарымен не сүйіктісімен сөзге келуі мүмкін. Ең бастысы, оларға сын айту кезінде байқаңыз, көпшіліктің алдында сөгіп, жаға жыртысқан дұрыс емес. Құмар ойындардан ада болыңыз, оның буына мастанып, тұзаққа түсіп қалмаңыз. Демалыс күндері үй тірлігіне көңіл бөліңіз. Саулығыңызды да бір кезек ойлап қойыңыз.
Суқұйғыш
Бұл апта Суқұйғыштар үшін қауырт іске толы. Қызметке де, отбасына да байланысты күйзеліс туындауы мүмкін. Мысалы, жұмыста бір жобаны бітіре алмай жүрсеңіз, үйге көңіл аударуды азайтасыз. Арба да сынбай, өгіз де аман жүргені жақсы. Апта соңында бар күйзелістен арылып, санаңызға тыныштық беріңіз. Театр, мейрамхана, концерт секілді мәдениет ортасына барыңыз, не болмаса, табиғат аясына саяхатқа шығып, таза ауамен тыныстағуға да болады. Ал ғашық Суқұйғыштарды үлкен тосынсый күтіп тұр.
Балықтар
Жұлдыздар Балықтарға осы аптада жоспарлаған кездесу, саяхат және кей адамдармен қарым-қатынастарды кейінге қалдыруға кеңес береді. Бұл апта өз ортаңыздағы адамдармен ақпарат алмасуға, бас қосуға оңтайлы кезең емес. Өзгеге уәде беріп не өзгеден уәде алудың қажеті жоқ. Бір істі бастасаңыз, оны атқару кезінде туындаған кедергілерді ысырып тастаңыз. Бір істен екінші іске ауыспаңыз. Демалыс күндеріңіз сәтті өтеді. Үйге қонақ шақырып, өзіңіз де қонаққа барсаңыз, артық етпейді.
Г. Берік