Жұлдыз жорамал: 30.11.2015-06.12.2015

Жұлдыз жорамал жақсылыққа құрылса, жүз пайыз тура келмегенімен игі істердің бастамасы болуы мүмкін. Тағдырымыз жазулы дегенмен, өзіміз әр іске себепші боламыз.

Тоқты

Қыстың алғашқы күндері тоқтылар тасыған күш-жігерін сезінеді. Бар іске білек сыбана кіріседі. Әсіресе, кештерді, мерекелік отырыстарды ұйымдастыруда белсенділік танытуы мүмкін. Бірақ тек бар жауапкершілікті толығымен өз мойнына жүктеп алмаса болды. Өзгелерге азық-түлік әкелуді не өзге де қажетті бұйымдар жеткізуді тапсырыңыз. Бар болмысыңызды шынайы көрсетіңіз. Біреуге жақсы көрінемін деп қол ұшын созудың қажеті жоқ. Әйтпесе достарыңыз маңызды сәтте көмектесуден бас тартуы мүмкін. Жұмыста да, үйде де аса тәуекелді істерге бармаңыз. Осы аптада "Көп сөз — көмір, аз сөз — алтын" деген нақыл ұраныңыз болсын.

Торпақ

Күздің соңғы күндері сізге зор шабыт сыйлайды. Тың идеялар арқасында көш бастайсыз. Ішкі түйсігіңізге құлақ асыңыз, ол тек жетістікке жетелейді. Жаңа жылда жаңа атаққа ие болуыңыз ғажап емес. Демалыс күндері бақытқа бастайтын таныстық күтіп тұр. Өзіңізге абай болыңыз. Ісіңіз бен тіліңізді бақылауда ұстамасаңыз, кикілжің туындауы ықтимал. Жұма күні аса сәтті болмақ.

Егіздер

Апта басында мансап жолындағы түйткілдерді, басшылықпен келісімді бір жақты етіп алуға мүмкіндік туады. Жұмыстағы жанкештілік пен шеберлігіңіздің, мамандығыңызға деген сүйіспеншілікті көрсетіп бағыңыз. Осы аптада жеңіске жетсеңіз, бар өміріңіз өзгеріп сала береді. Нақты шешім қабылдарда жақсылап ойланып, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жағдай жасаңыз. Әлдекімдер сөзіне сеніп қалмай, әр ақпаратты үтір-нүктесіне дейін дұрыстап тексеріңіз. Қазір өз тағдырыңыздың патшасы екеніңізді естен шығармаңыз. Болашағыңызды, қай жолмен жүреріңізді өзіңіз ғана таңдайсыз.

Шаян

Шаян белгісінде туған жандар үшін осы апта бақытты сәттерге толы. Жұмыста да, махаббатта да бар ойыңызды жүзеге асыратын сәт туды. Пеш түбінде отырғанға біреу бірдеңе әкеліп бермейтінін ескеріп, өзіңіз әрекет етіңіз. Батылдар мен еңбекқорлар ғана қарсыластарын шаңында қалдырады. Қаржылық жолда биікке көтерілуге мүмкіндік туып тұр. Апта ортасында балаларыңызбен не ата-анаңызбен маңызды мәжіліс құрасыз. Отбасындағы шешілмеген түйіндер сіздің ұйымдастырушылық қабілетіңізге қарай шешімін таппақ.

Арыстан

Әрдайым өз күшіңізге сенімдісіз. Тек пікір білдірерде абай болыңыз, қырсығып, сөз таластырып жүретін уақыт емес. Сәрсенбі, бейсенбі күндері жаңа жоба қолға алып, гардероб жаңартуға болады. Жұма күні жаңа кеңістік ашылады, жалқаулыққа жар беріп, жақсыға қол сілтемеңіз. Шығармашылық шаралары, ақпарат алмасу, зияткерлік тұлға даралануы, халықаралық байланыстар жөніндегі істер есігіңізді күліп қағады. Сәттіліктерге сіз де қуана құшақ жайыңыз.

Бикеш

Осы аптада ешкімге уәде бермеңіз. Айтылғанның бәрін уақытылы орындау қиынға соғады. Сейсенбі күні болашаққа бас қатыруға тура келеді. Шығармашылық жолында ойға алған нәрселеріңіз іске асады. Апта аяғында жақын жандарыңызға көңіл бөліңіз, олар сіздің қолдауыңызға мұқтаж. Жексенбі күні достарыңызбен кездесу жағымдылық пен жайлылық сыйлайды.

Таразы

Бәрін түбегейлі өзгерту не қаз қалпында қалдыру – тағдыр екінің бірін таңдауды талап етеді. Аралықта қалуға болмайды. Жұмыста, қаржылық жағдайда қандай жол таңдасаңыз да тек жақсылық әкеледі. Сыңарыңызға осы жолы қыңырлық көрсетпеген жөн, бәрінен жалығып, бұрылып кетіп қалса, сан соғып қалатын өзіңіз ғана боласыз.

Сарышаян

Апта аяқталғанша ең маңызды істің бәрінен нәтиже шығаруға тырысыңыз. Батыл болыңыз, басқаларды тың оймен таңдандырыңыз. Ешкімге сенім артпай, бар мәселені өз бетіңізбен шешуге дағдыланыңыз. Демалыс күндері қаржыңызды қалағаныңызша жұмсауға болады. Жұбыңыз болса, ең тәтті естеліктер осы аптада жазылады. "Алма піс, аузыма түс" деп жүре бермеңіз. Сіздің ұраныңыз: "Келдім, көрдім, жеңдім" болуы тиіс. Денсаулыққа көңіл бөліп, иммунитетіңізді нығайтыңыз. Басшылық жақтан мадақтау алуыңыз да әбден мүмкін.

Мерген

Аптаның бірінші бөлігінде тек көтеріңкі көңілде боласыз, мерекелік көңіл күй өзінен өзі төгіліп тұрады. Соған орай, жұмыста да айыңыз оңынан туады. Өмірге күліп қараған адамға өмір ешқашан қабағын түймейтінін есте ұстаңыз. Жоғары жақтан өте бағалы да байсалды сый түсуі ықтимал. Мамандық ұстанымыңыз да оң өзгерістерге бастайды. Қаржы тапшылығы да жолықпайды. Мұның бәріне маңдай тер сіңуі керегін ұмытпаңыз.

Тауешкі

Жаңа жобаларды жүзеге асырып, батыл жұмыстарды қолға алуға тамаша апта. Жоспарланбаған жүздесулер іскерлік байланыс орнатуға әкеліп, қызық қырымен танылады. Құжаттарды рәсімдеп, келісімшартқа қол қоярда аса мұқият болыңыз. Апта ортасына таяу соңыңыздан ерер қаңқу сөздерге пысқырып қарамасаңыз да болады. Айтылған жерінде қалады. Кімнің кім екенін уақыт анықтайды.

Суқұйғыш

Барлық қарым қатынас істе өнімділік береді. Апта соңына дейін бастаған істеріңізді аяқтап, жұмысыңызға сараптама жүргізіңіз. 2015 жылы жеткен жетістіктеріңіз бен жіберген кемшіліктеріңізді тізбектеңіз. Шешілмеген түйіннің оң жауабын табуға мүмкіндік бар. Әріптестер, достар, туыстар, жақын-жуық – барлығын саралап, кімді ренжіттіңіз, кімге артық сөз айттыңыз, осыны зерделеңіз. Ағат басқан қадамыңыз үшін кешірім сұрайтын сәт жетті, кірлеген көңілді жууға аса қолайлы кез туып тұр. "Үнемі өзімдікі дұрыс" деген менмендікті ысырып қойып, бір уақыт парасаттылық пен төзімділікке орын беріңіз.

Балықтар

Бастаған ісіңізге ешқашан күмәнмен қарамаңыз. Түбірі терең болмаса да, басталған жұмыстан бас тартуға болмайды. Сәрсенбі күні нақты жоба мен жоспар құрыңыз. Жақын жандарыңызбен қарым қатынаста да стратегия мен тактика пайдаланыңыз. Жұмыста көп салмақ түсіп, біраз істі бір мезгілде атқаруға тура келуі мүмкін. Ұжымдық жұмыстан алыстамаңыз. Тек белгілі жайларға ғана емес, әр ұсақ-түйекке көңіл бөлу керек.