- Негізгі бет
- Жаднама
- Жұлдыз жорамал: 19.01.2015-25.01.2015...
Жұлдыз жорамал: 19.01.2015-25.01.2015
Өз мүддеңізді жақындарыңыздың көңілін табу үшін құрбан ететін кездер болады. Уайымдамаңыз, олар көп кешікпей өз қателігін түсінеді.
Тоқты. Болашаққа жоспарды аптаның алғашқы бөлігінде құрудың қажеті жоқ. Жақын күндердің бірінде құрамын деп әліңізді білмей, әлек болуыңыз мүмкін. Романтикалық кездесуге барасыз. Алғашқы әсер жалған болатындықтан, оған көп сенбеңіз. Ұмыт болған достарыңыз іздеп келіп, ақшалай көмек сұрайды. Егер қаржылай қиындықта жүрсеңіз, достарыңызбен қатар отыратын той-томалаққа бармағаныңыз жөн. Ал аптаның екінші бөлігі білім жинақтауға, саяхаттауға өте ыңғайлы. Өзіңізге үлгі боларлық ересек адаммен танысып, көп тәжірибе жинақтайсыз. | ||
Торпақ. Шаруа үйде де, қызметте де көп болады. Басшылық тапсырмасын межеленген уақытқа дейін дайындай алмайсыз. Үйіңізге қонақ көп келіп, мазаңыз кетеді. Көп адамға ас әзірлейтін болғандықтан, жұмысқа үлгермеуіңіз мүмкін. Ал аптаның екінші бөлігі тыныш өтеді. Алдын ала жоспарлаған жұмыстарыңызды ешбір кедергісіз аяқтай аласыз. Басшылық сыйақы беріп, қызметіңізді жоғарылатады. Жасаған ісіңізге қошемет сөз айтады. Тиімді әрі қызықты ұсыныстар түсіп жатса, жұмысыңызды ауыстыруыңызға болады. | ||
Егіздер. Көп адаммен танысып, кездесуге барып, саяхатқа шығып, аптаның алғашқы бөлігі қызықты өтеді. Сізбен беделді тұлғалар жүздескісі келетін болады. Алайда бұл таныстықтардың арқасында болашағым жарқын болады деп күтпеңіз. Көп адам сізге берген уәдесін орындамай кетуі мүмкін. Мысалы, телефон нөміріңізді сұрап алған бейтаныс адам хабарсыз кетеді. Аптаның екінші бөлігі сүйіктіңізбен қарым-қатынасыңызды реттеуге бағытталады. Ол өз кезегінде жауапкершілікті мойнына алып, сізге барынша адалдық танытуға тырысады. Жұлдыздар сүйіктіңізбен бірге саяхаттауға кеңес береді. | ||
Шаян. Сырт көзге бай болып көріну үшін қымбат дүние-мүлік сатып алғыңыз келеді. Ол автокөлік, зергерлік бұйым болуы мүмкін. Таңдаған затыңыздың жеңілдікпен сатылып жатқанын білген кезіңізде оған қаттырақ құмарта түсесіз. Алайда алда қаржылай қиындықтар күтіп тұрғандықтан, несие алмауға кеңес береміз. Шешімді қаржы мәселелерін реттеп, миыңызды тынықтырған соң қабылдағаныңыз жөн. Денсаулығыңызға зияны тиетін тағамдардан біржолата бас тартыңыз. Арнайы сауықтыру орталықтарына барыңыз. Дәл қазір – ұзақ мерзімді ауруларды емдейтін уақыт. | ||
Арыстан. Назарлары аптаның алғашқы бөлігінде толығымен сүйіктілеріне ауады. Қанша жерден түсіністік танытамын десеңіз де, сүйіктіңіз мүлдем кереағар пікір айтуы мүмкін. Сүйіктіңіздің ол пікірімен санасуыңызға тура келеді. Ал оның не себепті бұлай жасағандығын түсіну үшін тәкаппар әрі қыңыр мінезіңіз кедергі жасайды. Сүйіктіңіз сіздің жәй ғана өзіне назар аударғанын қалап жүрген болар. Еш уайымдамаңыз, аптаның екінші бөлігінде махаббат оты қайта тұтанады. Қос ғашықтың қарым-қатынасында айтарлықтай рөлді балалар ойнайды. Ал жалғыз жүрген арыстандар шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. | ||
Бикеш. Кез келген жұмысты аптаның алғашқы бөлігінде қолға алуға құмартқанымен, көп ұзамай оларға деген қызығушылығы бірден суып қалуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы айналысатын іс таппай, ақырында барлығына селқос қарай бастайды. Ата-анаңыз бен туған-туысқандарыңыз сіздің қамқорлығыңызға зәру. Соңғы кезде денсаулығыңыз нашарлап жүрсе де, дәріні аз мөлшерде ғана қабылдауға тырысыңыз. Ал аптаның екінші бөлігі отбасылық қарым-қатынасты жылыта түсуге бағытталады. Сол себепті, отбасыңызбен бірігіп орындайтын жұмыстарды алдын ала ойластыра беріңіз. | ||
Таразылар. Ғашықтар үшін аптаның алғашқы бөлігі жайсыз өтеді. Достарыңыз бен сүйіктіңіздің арасында таңдау жасауыңызға тура келеді. Сүйіктіңізді достарыңыз бар отырысқа ертіп келсеңіз, кішігірім жанжал тууы мүмкін. Сөйтіп бір жақпен қарым-қатынасыңыз нашарлайды. Дұрысы – көпшілік баратын жиындардан бас тарту. Шығармашылыққа бейім жандардың аптаның екінші бөлігінде жолы болады. Ірі тұлғалармен жолығады. | ||
Сарышаян. Жұлдыздар көңіл көтеретін жерлерге бармауға кеңес береді. Ол мейрамхана, дәмхана, ойын клубы және би кеші болуы мүмкін. Осылардың бірінде өмірлік жарым деп жолықтырған адамыңыз көңіліңізді қалдырады. Бейтаныс ортада отырған кезде сырыңызды ашпаңыз. Біреудің ала жібін аттамасаңыз да, көршіңіздің қулығынан сақтаныңыз. Қонақтар үйіңізге көп келіп, аспаздық шеберлігіңізді шыңдай түсесіз. Ал аптаның екінші бөлігінде отбасыларыңызбен үйде болсаңыздар да, уақытты өте қызықты өткізесіздер. Үйлеріңізге қажетті техникалық жабдықтар сатып аласыздар. | ||
Мерген. Олар осы аптада сыпайы мінез танытып, бәрін білуге құмартады. Осы құмарлықтары білім жинақтауға әсер етеді. Мектепте, колледжде, ЖОО-да жаңа материалдарды оңай игеретін боласыз. Жаңа адамдармен танысып, аптаның алғашқы бөлігінде іссапарға аттанасыз. Туысқандарыңыз бен таныстарыңыздың жеке өміріне қатысты телефон арқылы көп ақпарат аласыз. Өміріңіз көңілді сәттерге толы өтіп жатқандай күй кешесіз. Бір уақытта бірнеше тақырыпты қамту мүмкін емес екендігін біліңіз. Ал аптаның екінші бөлігінде миыңызды тынықтырып, жақсы идеялар ойлап табасыз. | ||
Тауешкі. Мүмкіндігінше жаңа адамдармен осы апта ішінде таныспауға тырысыңыз. Ашуланшақ адамдардың құрбаны болуыңыз әбден мүмкін. Сол себепті біраз уақыт үнсіз жүріп, іштей тынуға үйреніңіз. Сатып алған әшекейлер мен сәнді киімдеріңіз ескі болып шығуы мүмкін. Осыған орай шопингті де келесі аптаға қалдырыңыз. Ал аптаның екінші бөлігінде кітап оқудың пайдасы зор болады. Көптен бері мазалап жүрген сұрақтардың жауабын табасыз. | ||
Суқұйғыш. Жұлдыздар қаражатқа байланысты шешім қабылдамауға кеңес береді. Ұрлықшылар мен алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін. Өзгелер несие алуға үгіттесе де, бас тартыңыз. Несие алар болсаңыз, нәтижесінде көп шығынға ұшырайсыз. Сыртқы келбетіңізді өзгертуге аптаның алғашқы бөлігінде барынша құмартасыз. Ол шаш үлгісін, шаш түсін, киіну мәнерін өзгертумен байланысты болуы мүмкін. Алайда өзгеріс енгізбес бұрын туған-туысқандарыңыз бен сүйіктіңіздің пікіріне құлақ асуды ұмытпаңыз. Осылайша өзіңізді шалыс қадамнан арашалап қаласыз. | ||
Балықтар. Қызғаныш сезіміне бой алдырасыз. Ашу үстінде қате шешім қабылдап жүрмеңіз. Алғашқы апта жайлы өтеді. Бұл жұмысбасты жандар үшін өте пайдалы. Мұнымен қатар, көптен бері мазалап жүрген сұрақтардың жауабын іздеп, психологиялық кітаптар оқуыңызға болады. Ғылыми зерттеу жазуыңыз да ғажап емес. Қамқоршыңыздың арқасында аптаның екінші бөлігінде кез келген қиын мәселені шешесіз. Басшылықпен қарым-қатынасыңызды ретке келтірсеңіз, мансап жолында биікке көтерілесіз. Мұнымен қатар, шетте қалып қоймай, тіршілік қызу қайнап жатқан жерлерде ғана жүруге тырысыңыз. |
Сурет: rumbur.ru
Қ. Бүйенбай