- Негізгі бет
- Жаднама
- Жұлдыз жорамал: 10.08.2015...
Жұлдыз жорамал: 10.08.2015 - 16.08.2015
Өмірде барлығы өткінші. Қуаныш пен қайғы кезектесіп келеді. Сондықтан әр сәтіңізді бағалап, өмірден ләззат ала біліңіз.
Тоқты
Бұл аптада денсаулығыңыз нашарлайды. Тыйым салынған тағамды жеп, уланып қалуыңыз мүмкін. Дәрі ішерде абай болып, ішімдіктен түбегейлі бас тартыңыз. Тағамдардың сапасы мен мерзіміне назар аударыңыз. Мұнымен қатар, әріптестеріңізбен сөзіңіз жараспай қалуы мүмкін. Ал жобамен айналысып жүргендердің жолы болады. Дәл қазір қиын сұрақтардың шешімін оңай таба аласыз. Өзіңізді жаңа салада сынап көретін уақыт та келді. Сүйіктіңіз сізді қолдап, екеуіңіз қызықты күндерді бірге өткізесіздер.
Торпақ
Сүйіктіңіздің адалдығына күмәнданасыз. Ол қорыққанынан сізге өтірік айтады. Ал сіз оның бұл әрекетін сатқындық деп қабылдайсыз. Өмірлік жарыңызды енді жолықтырған болсаңыз, оның жүрегінің тазалығына мән беріңіз. Себебі сізді алдап жүруі ғажап емес. Бұдан өзге достарыңызбен, құрбыларыңызбен ренжісуіңіз мүмкін. Ал отбасылы жандарда барлығы да ойдағыдай болады. Апта бойы үйдегі жиһаздарды қай жерге қою керектігі туралы ойланатын боласыз.
Егіздер
Айналаңыздағы адамдармен жақсы қарым-қатынаста болғаныңыз жөн. Олардың қалын сұрап тұрыңыз. Болашақта үлкен көмек көрсететін адамдармен танысасыз. Мәселені шеше алмасаңыз, таныстарыңыздың көмегіне жүгінуге асықпаңыз. Ал өзіңізге өтініш білдірген туысқандарыңызға міндетті түрде көмектесіңіз. Сіз өте ақылдысыз. Осы ақылыңыздың арқасында көп жетістікке жете аласыз. Миыңыздың мүмкіндіктерін толықтай пайдалануды ұмытпаңыз. Өкінішке орай, отбасыңыздағы адамдармен сөзіңіз жараспай, ренжісіп қалуларыңыз мүмкін.
Шаян
Осы апта ішінде ақшамен байланысты барлық қиындықты шешесіз. Дәл қазір барлығын шетке ысырып, мансап туралы ойлағаныңыз жөн. Қызметіңіз жоғарылайды. Мысалы, бастығыңыз ауысып, жаңа келген бастыққа сіздің қабілетіңіз ұнауы мүмкін. Дәл қазір қолөнер бұйымдарын жасау арқылы табысқа қол жеткізе аласыз. Жаңа танысқан адамдарыңыз сізді тақырға отырғызып кетеді. Сондықтан осы аптада ешкіммен араласпағаныңыз жөн. Өсек сөзден аулақ жүріңіз.
Арыстан
Ерекше қабілетіңіздің арқасында жетістікке жетесіз. Жұмыста табысқа жету, жетпеуіңіз уақытыңызды үнемдей алатындығыңызбен тікелей байланысты. Шетелге саяхаттау немесе шетелде білім алу мүмкіндігі туып тұрса, оны міндетті түрде пайдаланыңыз. Бұл аптада қатемен жұмыс істейсіз. Ақшадан қысыласыз. Әзірге қымбат заттар сатып алмай тұрғаныңыз жөн.
Бикеш
Отбасы бар бикештердің жағдайы қиын. Себебі осы аптада түсінісе алмай біраз әбігерге салынасыз. Жарыңыздың адалдығына күмәндануыңыз мүмкін. Жұлдыздар жарыңызға сенуге кеңес береді.
Таразы
Отбасыңызда береке орнап, жарыңыз жан досыңызға айналады. Сүйіктіңіздің әрекеттерін бақыламауға тырысыңыз. Осы апта ішінде құрған жоспарларыңыз міндетті түрде жүзеге асады. Жұлдыздар ішімдік ішпеуге кеңес береді. Дәл қазір ағзаңыздың әлсіздігі соншалық тез уланып қалу қаупі бар.
Сарышаян
Айтқан сөзіңіз тыңдаушысын тауып, мақсатыңызға жетесіз. Радио немесе телеарнаға шығып, сұқбат беруіңіз мүмкін. Өкінішке орай, достарыңызбен ренжісесіздер. Сүйіктіңіз «Достарыңмен уақытты маған қарағанда көп өткізесің» деп ренжиді. Осы сәтте өміріңіздегі ең қиын таңдаулардың бірін жасауыңызға тура келеді.
Мерген
Дәл қазір – саяхат пен демалысқа таптырмас уақыт. Саяхаттап жүріп өмірлік жарыңызды жолықтырасыз. Спортшылар жарыстарда үлкен нәтиже көрсетеді. Қызметіңізде біраз қиындық туындайды.
Тауешкі
Үй мәселесіне қатысты барлық жұмысты реттейсіз. Зат сатып алуға несие алсаңыз, оны өз уақытында өтейсіз. Алған затыңыз да көпке дейін қызмет етеді. Жұлдыздар аптаның ортасына қарай алыс жаққа жол жүрмеуге кеңес береді. Аптаның ортасына қарай жаңа адамдармен танысудан сақтаныңыз.
Суқұйғыш
Дәл қазір – отбасындағы қиын мәселелерді талқылап, олардың шешімін табатын уақыт. Сүйіктіңізбен сөйлесіп, түсінісетін уақыт та келген сияқты. Махаббат пен бір-біріңізді түсінудің арқасында отбасыңызда береке мен тыныштық орнайды. Адам баласын биік мақсаттарға жетелейтін махаббат сезімі екенін ұмытпаңыз. Қызметте де жолыңыз болады. Ақшаңызға абай болыңыз. Несие алмағаныңыз жөн.
Балықтар
Біреумен ренжісуден, сөз таластырудан сақтаныңыз. Сізді кез келген адам алдап кетуі мүмкін. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпаңыз. Қандай жағдай болмасын, келісім-шартқа қол қоймаңыз. Аз сөйлесеңіз, көп жұмыс істейтініңізді ұмытпаңыз.
Күндеріңіз сәтті өтсін!
Қ. Бүйенбай