Болашақ ана сәбиімен кездесуге қуана дайындалады және сол кезді асыға күтеді. Күтімді жүру және сыртқы келбетіне аса мән беру кез келген әйелге тән. Сол секілді әйел жүктілік кезеңінде де өзі туралы ұмытпауға тырысады. Бірақ кей перзентханалар жүкті әйелдің қысқа тырнақпен және лак жақпай келуін қатаң сұрайды. Бұл сұрақ жүкті әйелдер арасында қызу талқыланады: бірі осы талапты орындаса, басқалары оның міндетті емес екенін айтады. Неліктен жүктілерге тырнақ бояуға тыйым салады?
Бала қауіпсіздігі
Жаңа босанған әйелдің тырнағы қысқа болуының басты пайдалы себебі – сәби қауіпсіздігі. Бұрын жаңа босанған әйелдерден сәбилерін алып кетіп, бөлек жатқызатын. Ал қазір олай емес екенін бәріміз білеміз. Барлық перзентханалар ана мен баланы бір палатада жатқызады. Бұл дегеніміз ана сәбиіне күтімді өзі жасайды.
Күтімге мыналар кіреді:
- гигиеналық процедуралар (баланы аздап жуып-шаю, жуындыру, крем жағу);
- жөргегін ауыстыру;
- киіндіріп-шешіндурі, орау.
Жас ана осының бәрін өзі істейді, акушер әйел тек қалай дұрыс істеу керегін бір рет көрсетіп береді. Жаңа туылған сәбидің терісі өте жұқа және нәзік болады. Сондықтан, әсіресе, ананың тәжірибесі болмаса, кішкентай тырнақ ізінің өзі проблемаға айналуы мүмкін. Ұзын тырнақ астына бактерия жиналу мүмкіндігі жоғары. Ересек адамға тырнақ ізі еш әсер бермеуі мүмкін, бірақ бала үшін ол қауіпті.
Қызметкерлер қауіпсіздігі
Бұл табиғи жолмен босануға қатысты. Толғақ кезінде жүкті әйел жиі өзін бақылай алмайды. Оның қолынан ұстап тұрған дәрігер мен акушерді тырнағымен зақымдауы әбден мүмкін. Акушер-гинекологтардың тәжірибесінде олардың қолдары және беттері тырналған жағдайлар көп болған.
Босанатын әйелдің жағдайын бақылау
Перзентханадағы ең маңызды нәрсе – босанатын әйелдің жағдайын бақылау. Бұл жерде тырнақтың табиғи түсі маңызды рөл атқарады. Мысалы, босанатын әйелдің тырнағы көгеріп тұрса немесе түссіз бола түссе, ол – гипоксияның (оттек азаюы) алғашқы белгісі. Бұл шұғыл шара қолдану керегін айтады. Сондықтан бұрын босанатын әйелдің, тіпті, түссіз лак жағуына да тыйым салынған.
Бірақ қазіргі дамыған заманда босанатын әйелдің тырнағына қарап отыру біртүрлі деп санайтын да сарапшылар бар. Себебі босанатын әйелдің жүрек ырғағының жағдайын бақылап отыратын құралдар бар.
Сондықтан бұл сұрақты қосымша өз дәрігеріңізбен ақылдасып, перзентханаңыздың ережелерімен бір танысқан жөн.