Біз көпшілік жағдайда өмірде көп нәрседен кеш қалып, сан соғып қаламыз. Қолымыздан келгенше тырысқанымызбен уақытымыздың көп бөлігі өзімізге білінбей өтіп кетеді. Оны сәтінде аңдамай, өткеннен кейін барып бір байқаймыз. Уақытты қалай реттеуге болады? Қайтсек мақсатымызға жете аламыз? Осы сұрақ тіршілік кешкен әрбір пенде баласының көкейінде жүрген сұрақ екені бәрімізге мәлім. Бүгін орындаймын деген жұмысыңыз ертеңге қалып, ертең үлгерем деп жүргенде тағы да кейінгі күнге қалып, ақыры үлгере алмағанымызға іштей өкініп, өз-өзімізді жеп жатамыз. Бұл қаншалықты дұрыс?
Әрине, мейлінше ойлаған ісіңізді атқара алмағаныңыз үшін өкіну керек. Дей тұрғанмен, әлі де мүмкіндігіміз бар екенін ұмытпауымыз керек. Қазақтың данышпаны Абай да өзінің он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп әр адамның өзіне есеп беруі жөнінде ой айтады. Жоспарды қалай құру керек? Оны қаншалықты орындап жүрсіз? Сол жөнінде біздің кеңесімізге назар сала отырыңыз.
Күндік жоспар. Күніңіздің босқа өткенін қаламасаңыз бір күндік жоспарыңыз болсын. Таңертең ұйқыңыздан ерте оянып, тамақтанып алған соң бірінші атқаруға тиіс дүниеңізге кірісіңіз. Одан кейін бірте-бірте келесілерге өте бересіз.
Апталық жоспар. Апталық жоспарыңыз ауқымды болмаса да оның іске асуын жіті қадағалаңыз. Бірден үлкен іс тындырам демеңіз, үлкен істер кішкентайдан басталатынын естен шығаруға болмайды. Апталық жоспарыңыздың қаншалықты іске асқаны күндік жоспарыңызды қалай орындағаныңызға байланысты.
Айлық жоспар. Айлық жоспар дегеніңіз сіз үшін көлемді болуы шарт емес. Маңыздысы ынтаңызды жоғалтып алмау. Күнделікті жоспармен жүруден шаршадым деп бастаған ісіңізді тастамаңыз. Күндік, апталық жоспарыңыздың орындалғаны айдың соңына жеткенде көрінеді.
Адамның жоқ дегенде 5 жылдық жоспары болуы тиіс. Сол бағытта әрекет ету қажет. Жоспарсыз алға жылжу мүмкін емес. Қатып қалған қағида деп қабылдамаңыз, бұдан көп нәрсе ұтасыз:
Біріншіден – күніңіз босқа өтпейді.
Екіншіден – тиянақтылыққа тәрбиеленесіз.
Үшіншіден – белгілі бір межеге жетесіз.
Жоспар құру бар да, оны орындау бар. Демек, құру бөлек те, орындау бір бөлек. Күнделігіңізге яки блокнотыңызға кесте сызып, ойға алған жұмысыңыздың тізімін жазып қойыңыз. Әр орындалған іске белгі қойып отырыңыз. Бір ескере кететін жайт, жоспарыңыз қағазға түспесе орындалып-орындалмауы неғайбыл. Сондықтан қағазға түсіріп, сол бойынша әрекет етіңіз. Менің қолымнан келмейді деуден аулақ болыңыз. Өзіңізді жеңе біліңіз. Жігерсіздікке салынбаңыз. Айналаңыздағы достарыңыздың барлығы сізге өмірде дос болғанымен, істе (оқуда, жұмыста) бәсекелес екенін ұмытпаңыз!