Жорғаның түрі көп. Оларды жорғалау екпіні мен аяқ тастасына қарай екі топқа бөліп қараған жөн. Жорғалар көбінде қоңыр, торы, қара өңді жылқылардан шығады.
Жүріс екпініне қарай қой жорға, жол жорға, кеңірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, аяң жорға, тайпалған жорға, және т.б. деп атайды.
Аяқ тастасына қарай екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, шапшуыр жорға, тұсамыс жорға, өре жорға, шалдауыр жорға, және т.б. деп атайды.
Су жорға – жорғалардың ішіндегі ең маңыздысы. Ол сүйретіп жіберген арқан, шылбырды жерге тигiзбей жұлдызша ағады және үстіндегі адам қолына су құйған ыдыс ұстағанда оның суы төгілмейді. Тіпті қазақта «су жорғаның сауырына тостағанға су құйып қойса төгілмейді» дейтін тәмсіл бар. Мұндай жорғалармен үлкен ас-тойларда табақ тартады, қымыз тасиды.
Қой жорға деп түзу және еңiс жерлерде аяңнан, жорғаға ауысып отыратын жылқыларды айтады.
Түйе жорға денесiн күшпен қозғап жорғалайтын, жүрісі қатты жылқылар.
Шапқын жорға деген шаужайлап, өрелеп қысыммен шығарған жорғалар.
Аяң жорғалы жылқы айдағанда ғана жорғалайды да, одан тезірек жүрсе, жорғасынан жаңылады.
Үш аяқ жорға төрт аяғын тең басып жорғалай алмайтын жылқы. Яғни, үш аяғы жорғалайды да, бір аяғы таппайды. Осы бір аяғын қосып төрт аяғы тең жорға шығаруға болады.
Тайпалған жорға – төрт аяғы тең жорға.
Төкпе жорға – еш уақытта жорғасынан жаңылмайтын жылқы, ол жүргенде басқа жылқы шауып, әрең ілеседі. Жорға жарысына осы төкпелерді ғана қосады. Басқа жорғаларды қарапайым күнделікті мініс үшін қолданады. Төкпелерді бәйге атындай баптап жаратады.
Құлын жорға деп енесінен туғанда жорға туған жылқыны айтады. Болашақта су және төкпе жорғалар осы құлын жорғадан шығады.
Бекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан
Дереккөз: Аrgymaq.kz ұлттық танымдық порталы
Сурет: tt-group.net