- Негізгі бет
- Жаднама
- Жеңіске жетелейтін жеті...
Жеңіске жетелейтін жеті сұрақ
Шешен сөйлеу, қандай орта болса да елді өзіне қарату кімнің болмасын жүрегіне жақын қасиет. Бірақ бәрі бірдей бұл қасиетті игере бермейді. Ол үшін табиғи дарыны немесе арнайы білімі керек, риторика сабақтары да жүргізіледі. Көпшілік ортада сөйлеу, өзіңізге сұрақ қою арқылы сол сұрақтарға жауап іздеуге дағдылану жайлы айтамыз.
Стив Накамото оқырмандарына ұсынған «Қарым-қатынас данышпаны және оны қалай жүзеге асыруға болады?» кітабында осындай сұрақтар қамтылған. Стив Накамотоның өзі бала күнінде сөйлей алмайтын, көпшілік ортадан қорқатын, жасық болған. Ал қазір оны шешен әрі белгілі тұлға ретінде бүкіл әлем таниды.
1. Кіммен сөйлесіп тұрсыз?
Сөйлесуге келген адамның шағын шығармашылығын немесе өмірбаянын біліп алыңыз. Бұл оған ұнайды. Оның жетістігі, өзі жайлы ақпараттарды айта отырып сөйлесеңіз ұтасыз. Ал мүлде танымайтын жағдай болса, оның қимыл-әрекетіне, сөзіне мән беріңіз. Сіздің сұрақтарыңызға жауап берген кезде қай жерде үнсіз қалатыны, дауыс ырғағын қай кезде көтереді, қолын қалай ұстап отыр, бәріне қарап отырып сараптама жасаңыз.
2. Қанша адам қатысады?
Көпшілік ортаға келдіңіз. Барлығы сөйлеуге уақыт жету керек. Сіздің де сөйлеуіңізге тура келеді. Не істеу керек? Егер 4-5 адамдық орта болса бәріне уақыт бөліңіз. Өзіңіз ғана сөйлей беру ортаға жақпайды, адамдар жалығады. Ал егер көп қауым ортасында сөйлеу керек болса, алдын-ала дайындалып, әдіснамалық құрал ретінде түрлі ойындар, қызықты амалдар қолданудың жолын қарастырыңыз.
3. Қанша уақыт сөйлеу керек?
Диалогқа түскен жағдайда қарсы бағыттағы адамның уақыты тығыз болса, сол сәтті байқасаңыз, ең негізгі сұрақтар мен өтінішті ғана айтыңыз. Өзіңізге керек ақпаратты алу үшін, соның төңірегінде ғана сөйлесуге асығыңыз. Ең үлкен қателік біз алдымен амандасып, жағдайын біліп, басқа бір тақырыпта әңгіме қозғап барып, талап-тілегімізді айтамыз. Сондықтан басқалардың уақытын бағалай біліңіз.
4. Қашан және қайда кездесесіз?
Өте кеш және өте ерте уақытта адамды кездесуге шақырмаған дұрыс. Себебі өте кеш болса көсіліп әңгіме айта алмайсыз, ерте болса асығыс болады. Ең ыңғайлы уақытты белгілеу керек. Тағы бір ескеретін нәрсе – кездесетін орын. Өте шулы болса ол жерде жақсы әңгіме айтыла қоймайды. Кетуге асығып көңіліңіз алаң болады. Ең дұрысы тыныш және қолайлы жерде таңдаңыз.
5. Сөйлесіп отырған кезде немен айналысасыз?
Баратын орын, киген киім, сөйлесу мәнері – бәрі де айтатын әңгімеңізге сәйкес келуі керек. Қарсы жақтағы адам ашылып сөйлеуі үшін оған сондай кеңістік жасап беріңіз. Ресми ме, еркін түрдегі әңгіме ме, театрға барасыздар ма – ең бастысы әңгіменің мәтініне қарай әрбір әрекет дәлме-дәл болуы абзал.
6. Жартылай ресми ортада өзіңізді қалай ұстау керек?
Ресми және еркін үлгідегі кездесулер болады. Бірақ кейде жартылай ресми кездесулер де кездеседі. Мәселен жылды қорытылау кеші. Яғни әріптестермен, басшылармен болатын кеш. Бұл жерде ресми киім кию керек, бірақ айтылатын әңгіме еркін. Не істеу керек? Кеш соңына дейін өзіңізді бір қалыпта ұстаңыз. Әріптестермен де, басшылықпен де тіл табысып жүріңіз.
7. Таңсық ортаға бірінші рет түскен кезде не істеу керек?
Қоғамда неше түрлі орта бар. Біреуі сізге ұнайды, біреуі мүлде ұнамайды. Бірақ ұнамайды деп сөйлеспей қоюға болмайды. Тілін табу керек. Мәселен сіздің табиғатыңыз әзілге жақын емес, келіп отырған жеріңіз шу мен қалжыңға толы. Таңсық орта, ешкімді танымайсыз. Ал ол жерде сізге мысқылмен қарайтындар, мазақтап сөйлейтіндер шығады. Не істеу керек? Күліп тұрып сабырлы түрде жауап беріңіз. Бұл жақсы адамдардың көзқарасы мен абыройды қанжығағыңызға салып береді. Сондықтан барынша өзіңізге сенімді болыңыз.
М. Ақан