Жемістерге жапсырылған кішігірім жапсырмаларды байқаған боларсыз? Онда ұсынушылардың логотипімен қатар, бірнеше саннан тұратын PLU-код (Price-Look Up) көрсетілген. Белгілі болғандай, өндірушілердің жемісті таңбалағандағы мақсаты – өздерін таныстыру ғана емес, тұтынушыларға маңызды ақпарат беру.
3 немесе 4 сандарынан басталатын 4 таңбалы код
Егер жапсырмада тек 4 сан көрсетілсе, ол жеміс не көкөністі өсіргенде агротехнологиялар барынша қолданылған. Олардың қатарында тыңайтқыштар мен пестицидтер де бар.
8 санынан басталатын 5 таңбалы код
Мұндай жемістерді өсіргенде гендік инженерия технологиялары қолданылады. Яғни ол – қаншама дау тудырған гендік модификацияланған өнімдер. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының барысында көбінесе қауын, банан, папайя сынды жемістер гендік модификациялауға ұшырайтыны анықталған.
9 санынан басталатын 5 таңбалы код
Егер 9 санынан басталатын 5 таңбалы кодты байқасаңыз, ол жемістің фермерлік әдіспен өсірілгендігін аңғартады. Яғни оларды өсіруде ешқандай химиялық тыңайтқыштар қолданылмайды. Мұндай өнім табиғи болып табылады.
Егер жемісте PLU-код болмаса
Шыны керек, көбіміз ешқандай жапсырмасыз жемісті алуға тырысамыз. Біздің ойымызша, ол – қауіпсіз. Алайда бұл ретте жапсырмалы жемісті таңдағаныңыз жөн. Себебі шет елдерден әкелінген жемістерде міндетті түрде қағаз жапсырма болуы тиіс. Ал болмаған жағдайда, жемістер жапсырмадан «тазаланған» болуы мүмкін.